81 келі салмақта сынға түскен дзюдошы Дидар Хамза Азия ойындарының чемпионы атанды.
Ұлттық Олимпиада комитетінің хабарлауынша, финалда ол ирандық Саид Моллаидан басым түсіп, Қазақстан құрамасына Азия ойындарындағы оныншы алтын жүлдені тарту етті.
Еске сала кетейік, дзюдодан Елдос Жұмақанов пен Отгонцэцэг Галбадрах қола жүлдегер атанған болатын.
Бүгін — 30 тамыз күні бұған дейін Қазақстанның байдаркада және каноэде ескек есушілері бір алтын, екі күміс медаль жеңіп алды. Біздің команда 500 метрге төрт адамдық жарыста чемпион атанды, 1000 метрге екі адам болып жарысуда Илья Голендов пен Андрей Ергучев күміс жүлде иеленді. Ағайынды Сергей мен Тимофей Емельяновтар да каноэден 1000 метрге жарысуда Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Бүгін батутта секіруден Пірмәммад Әлиев те қола медаль жеңіп алды.
Велотрекші Артем Захаров омниум бағдарламасы бойынша Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.
Жеңіл атлетикадан Қазақстанның әйелдер эстафета командасына (Виктория Зябкина, Светлана Голендова, Элина Михина және Ольга Сафронова) да қола медаль бұйырды.
Baribar Индонезияда өтіп жатқан Жазғы Азия ойындарының 12-күнін кейінірек қорытындылайды.