КСРО халық артисі Иосиф Кобзон қайтыс болды

КСРО халық артисі, РФ Мемлекеттік дума депутаты Иосиф Кобзон қайтыс болды. Ол екі аптадан соң 81 жасқа толар еді.

Кеңес эстрадасының абызы 20 шілдеде ауыр халде ауруханаға түскен еді. Оның денсаулығы 2002 жылдан бері сыр бере бастаған. Бұдан үш жылдан соң дәрігерлер артистің бойынан онкологиялық ауру белгісін анықтады. Бұдан соң Кобзонға бірнеше рет операция жасалды, науқасқа химиялық терапиялар қолданылды.

Иосиф Давыдович Кобзон 1937 жылы 11 қыркүйекте Украинаның Сталин облысындағы (Донецк облысы) Часов Яр қаласында еврей отбасында дүниеге келді. Бала кезінен ән айтты, 9 жасында Кремльде КОКП ОК бас хатшысы Иосиф Сталиннің алдында өнер көрсетті.

Ресей ақпарат құралдарының хабарлауынша, посткеңестік кеңістікте оның лирикалық баритонын сүйіп тыңдамаған адам некен-саяқ болды. Әйгілі «Көктемнің 17 сәті» фильміндегі ол орындаған «Алыстағы Отан туралы ән», «Қас қағым» әндерін әлі күнге дейін халық көзіне жас алып тыңдайды.

Иосиф Кобзон жарты ғасыр бойы гастрольдік қызмет көрсетті. 2012 жылы артист өзінің 75 жасқа толуына орай концерт беру ісін тоқтатты. Бірақ түрлі мерекеде ән шырқап жүрді.

Кобзонның Қазақстанға деген ықыласы ерекше болды. Өзінің айтуынша, ол қазақ жерінде әскери борышын өтеген. Кейінгі кезеңде КСРО халық артисі мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арасында ерекше достық орнады.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен біз КСРО халық депутаттары болып жүрген кезімізде танысқан едік. Сол кезде-ақ осы саясаткердің дана адам екенін байқағанмын… Ол болмаса, Кеңес Одағы ыдырамас еді… Ол бұрын Целиноград қаласы тұрған далада Астананың іргесін қалап, ірі қалаға айналдырды. Бұл жобаны іске асыру үшін мықты жүрек керек еді. Жоба өзін ақтады. Қазір Астана — әдемі, қазіргі заманғы, сұранысқа ие қала. Жалпы алғанда, қазақ халқын жақсы көремін, бұл — тамаша, қонақжай халық

, — деген еді Иосиф Кобзон.