Республика бойынша 2018-2019 оқу жылында жаңа мазмұнға көшетін 3,6 және 8 сыныптарға арналған 12 миллионнан астам оқулық сатып алынды. Аталған сыныптардағы оқушы саны – 906 мың.
Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқулықтардың сапалы түрде басылып шығарылуына, олардың форматына және салмағына қойылатын талаптардың орындалуына баспалар жауапты. Биылғы оқулықтардың өткен жылғы оқулықтардан айырмашылығы – оларда QR-код орналастырылуы. QR-код оқулықтың электрондық нұсқасын қолдануға мүмкіндік береді.
Еліміз бойынша баспалардан 98,2% оқулықтар жөнелтіліп, оның орташа есеппен 92,5%-ы өңірлерге, білім беру нысандарына жеткізілді.
Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласы оқулықтарды өңірлерге 100%-ға жөнелтті.
Сонымен қатар бірқатар өңірде тасымалдаушылардың өз міндеттерін дұрыс орындамауына байланысты оқулықтардың уақытылы жеткізілмеу қаупі туындап отыр. Осы себепті Ақмола облысының 6 ауданы, Қостанай облысының 3 ауданы, Шығыс Қазақстан облысының 2 ауданы, Қызылорда облысының 1 ауданы оқулықтарды өз күшімен тасымалдауға мәжбүр. Сонымен бірге Қостанай облысының Наурызым ауданы да «Қазпошта» АҚ-мен қайта келісімшартқа отырды.
Қазіргі кезде барлық білім беру өкілдері оқулықтарды жеткізу мәселесімен белсенді түрде айналысып жатыр. Оқулықтарды жөнелту және жеткізу процесі өңір әкімдіктері мен білім басқармалары басшыларының қатаң бақылауында.