Басты бетЖаңалықтарАтырау облысының...

Атырау облысының мектептері жаңа оқу жылына дайын

Атырау облыстық білім басқармасының басшысы Қайырғали Кенжеғалиев оқу орындарының жаңа оқу жылына дайын екенін айтты.

Жаңа оқу жылында 118 мың 100 бала партаға отырады. Оның ішінде бірінші сыныпта 15 мың 275 бала бар. Білім беру мекемелеріне мектеп оқулықтары мен оқу құралдарын беру үшін жергілікті бюджеттен 2 миллиард 540 миллион теңге бөлінді, — деді Қайырғали Кенжеғалиев.

Басқарма басшысының мәліметінше, осы жылы 186 мектепті жоспарлы жөндеуге 328,2 миллион теңге және күрделі жөндеуге 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. 18 білім беру мекемесінде жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Биыл 23 білім мекемесінің құрылысы жүріп жатыр. 1 қыркүйекке дейін екі мектеп пен үш балабақша ашылады. Қалғандарын жылдың аяғына дейін пайдалануға береміз, — деп атап өтті Қайырғали Кенжеғалиев.

Бүгінгі таңда облыстағы 193 жалпы білім беретін мектептің 172-сі кең жолақты интернетке қосылған. Аймақта білім беруді цифрландыру бағдарламасы аясында «Жол картасы» әзірленді. Бұл жұмыс облыстың кәсіптік-техникалық колледждерінде жүргізіледі. Бүгінгі таңда бір колледж PlatonusCollege автоматтандырылған электрондық жүйесіне қосылған. Жақын арада осы жүйеге тағы 11 колледжді қосу жоспарланып отыр.

Бұл жүйе студенттерді оқу орындарына қабылдау үдерісін автоматтандырады және оқу процессінің жүйесін және оқу үрдісін бақылауды жеңілдетеді. Конференцияға ҚР Білім және ғылым министрлігі балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Нұрбек Оршубеков, Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Жанбота Қабдықаримов, Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің ректоры Ербол Бекмұхамбетов қатысты. Баяндамашылар Қазақстанда енгізілетін оқытудың жаңа формалары, Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесі, үш тілде білім беру жүйесі туралы айтып берді. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, білім беру саласында үлкен жұмыс атқарылды.

Экономиканы дамыту үшін бізге кәсіби кадрлар қажет. Мемлекет басшысы бұл міндетті алдымызға қойып отыр. Қазірдің өзінде жоғары білікті мамандарға деген қажеттілік артып келеді. Олар мектеп кезінен бастап дайындалуы керек. Бұл — сіздер үшін маңызды міндет. Біз білім беру саласында туындайтын барлық мәселелерді жылдам шешуге тырысамыз. Жаңа мектептер, балабақшалар салынып жатыр, облысқа қажетті мамандарды тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Сіздерге жас ұрпақпен жұмыс істеуде алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалған, — деді Нұрлан Ноғаев.

Сонымен бірге облыс әкімі облыстың педагогикалық ұжымына жаңа оқу жылында шығармашылық табыс пен жемісті еңбек тіледі. Конференция аймақтың үздік оқытушыларын марапаттау рәсімімен аяқталды. Облыстың бірқатар оқу орнының басшылары мен қызметкерлері төсбелгілермен, дипломдармен марапатталды.