Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қайрат Хабиев мәлім етті.
Аталған жоба «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асады. Мақсаты — кондоминиум объектісін басқарушы органдар мен қала тұрғындары арасындағы дауларды азайту, ПИК қызметіне автоматтандырылған шешім енгізу. Нәтижесінде, тұрғындар үшін қызмет көрсету сапасы жақсарып, жұмыстың айқындылығы артпақ, — дейді Қайрат Хабиев.
«е-ПИК» жобасы шеңберінде атыраулықтар арнайы порталда жеке кабинет ашып, өтініш қалдыра алады. Сонымен қатар жеке кабинетте ПИК хабарламаларын оқуға мүмкіндік қарастырылған. Спикердің айтуынша, қала тұрғындары деректерін «е-ПИК» жобасына Atyrau.opencity.kz сайты арқылы енгізе отырып, арыз-шағымдар, тапсырыстарын жаза алады. Айта кетелік, бұл жобаның ұялы қосымшасы қазан айынан бастап іске қосылады.