Басты бетЖаңалықтарКонституция күніне...

Конституция күніне орай Астанада «Евровидение» қатысушылары өнер көрсетеді

30 тамыз – ҚР Конституциясы күніне орай Астана әкімдігі көп мәдени-бұқаралық шара ұйымдастырғалы отыр.

Қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен әкімдік алдындағы алаңда өтетін концерт кештің ең басты мерекелік шарасы болмақ. Астана тұрғындары мен қонақтарына Ғаділбек Жанай, Дастан Оразбеков, Гүлнұр Оразымбетова, Бейбіт Қорған, Маржан Арапбаева, Дос, Қанат Үмбетов, Алмас Кішкенбаев, Құрмаш Маханов және басқалар мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Кеш жүргізушілері — әйгілі шоумендер Азамат пен Антон.

Шара сағат 18:00-де басталып, 23:00-ге дейін жалғасады.

Конституция күніне арналған концерттік бағдарламалар «Думанды Сарыарқа» бағдарламасы шеңберінде Астананың тұрғын үй алаптарында да өтеді. Танымал орындаушылар, ән мен би ұжымдары, қуыршақ театрының артистері, бойшаң қуыршақтар, аниматорлар және цирк артистері қала маңындағы «Пригородный», «Интернациональный», «Мичурино», «Күйгенжар», «Өндіріс», «Железнодорожный», «Үркер», «Көктал», «Промышленный» және «Казгородок» сияқты 10 тұрғын үй алабының тұрғындары үшін қызық, интерактив ойын-сауық бағдарламасын дайындаған. Концерттерді сағат 15:00-ден 19:00-ге дейін тамашалауға болады.

Айта кетейік, 1 маусымнан бері қала маңында ұйымдастырылып жүрген «Думанды Сарыарқа» концерттері 2 қыркүйекке дейін жалғасады. Концерттер келушілер назарына ашық алаңдарда тегін ұсынылады.

Ал Сәкен Сейфуллин атындағы музейде ҚР Конституциясы күніне орай «Ата заң – азаттықтың алтын арқауы» атты көрме жұмыс істейді. Экспозицияны 30-31 тамыз күндері сағат 10:00-нан 18:00-ге дейін тамашалауға болады. «АЛЖИР» музейі мен Тәуелсіздік сарайында да мерекеге арналған тақырыптық кештер өтеді.

Бұдан бөлек, 29 тамызда Конституция күніне орай «Барыс Арена» мұзайдыны сарайында «Астана Дауысы» екінші жыл сайынғы халықаралық фестивалі өтеді. Астана әкімдігінің мәдениет және спорт басқармасы ұйымдастыратын шара аясында әлемнің түрлі мемлекетінің қазіргі заманғы музыка орындаушыларына мүсіншелер табысталмақ.

Сахна төрінде Грузия, Швеция, Латвия, Молдова, Армения, Өзбекстан, Украина, Ресей және Қазақстанның музыкалық рейтингтерінде көш бастаған әртістер өнер көрсетеді. Биыл Astana Dausy фестиваліне Ninety One, Ерке Есмахан, «Евровидение-2012» байқауының жеңімпазы Loreen, Интарс Бусулис, DoReDos, Севак Ханагян, Согдиана, ALEKSEEV, Григорий Лепс, Ани Лорак және Филипп Киркоров қатысады. Билет құны – 1000-15000 теңге.