Алматы тұрғыны Феруза Мұсаханова – үш баланың анасы. Үлкен ұлы 9-сыныпқа, ортаншы ұлы 6-сыныпқа көшкелі отыр. Кенжесі балабақша жасында. Ол мектепке баратын екі ұлына мектеп формасы мен кеңсе тауарларын Алматының «барахолкасынан» сатып алды:
Мен таңертеңнен кешке дейін жұмыстамын. Арнайы жәрмеңкелерге, акция жүріп жатқан дүкендерге баруға уақытым бола бермейді. Сондықтан бір күнді базарға баруға арнаймын да, сол күні мектепке қажеттің бәрін ұлдарыма таңдатып, алып беремін. Жылда тамыз басталысымен мектепке қамданамыз. Шынымды айтсам, балаларыма керектің бәрін алып беремін, үнемдегім келіп тұрса да, ел қатарлы жүргенін қалаймын.
Жаңа оқу жылына қамдану мектеп формасын түгендеуден басталады. Алматыдағы орта мектептерде бірыңғай форма кию талап етілмейді. Тек киімнің түсі қанық көк және классикалық үлгіде болса болғаны. Біз Феруза Мұсаханованың балаларына алған мектеп формасы мен басқа да киім-кешегінің бағасын сұрадық.
Киім | Бағасы, теңге |
Форма (шалбар, жакет, пиджак) | 8 500 (6-сынып)
10 000 (9-сынып) |
Көйлек (жеңі қысқа) | 3 000 |
Көйлек (жеңі ұзын) | 3 000 |
Аяқкиім (туфли) | 6 500 |
Галстук | 500 |
Ішкиім (бәрі) | 4 000 (2 адамға) |
Сөмке (былтырғы бағамен) | 5 000 |
Спорттық киім | 8 500 |
Кроссовка | 5 000 |
Футболка | 600 |
Белдік | 1 200 |
Барлығын қосқанда | 50 800 |
Мектеп формасының материалы құртылмас үшін көп жумаймын. Қанша ұзақ шыдасын деп талпынғанмен бәрібір жылда жаңасын алуға тура келеді: сапасы нашарлайды немесе сыймай қалады. Үлкенінен қалған киімді кішісі киетін отбасыларға қызығамын. Ол отбасылық бюджетті үнемдеуге көмектеседі. Ал менің ұлдарым екі түрлі: үлкенім бойы ұзын, арық болса, кішім томпақ, бойы кішкентай. Сол себепті екеуіне екі бөлек алып беруге тура келеді. Оның үстіне ұлдарым жоғарғы сыныпқа көшкен сайын мектепке қажет керек-жарақ та көбейе береді.
Алайда бұл жолы былтырғы сөмкелері жарап тұрғасын ол ұлдарына рюкзак алмаған. Есесіне 10 000 теңге үнемдепті.
Барлығын қосқанда Феруза Мұсаханованың екі ұлына мектеп формасы мен дене шынықтыру пәніне арналған киімге 55 800 теңге кетіп отыр. Онымен қоса кейіпкеріміз ұлдарына туфлиді жылына екі рет алады екен. Ал дене шынықтыру формасын биыл 8 500 теңгеге алса, былтыр оның бағасы 6 000 теңге болған.
Кейіпкеріміздің оқу құралдарына жұмсаған қаражатын да білдік.
Кеңсе тауарлары | Бағасы, теңге | Саны |
Пән дәптерлері | 720 | 10 дана |
Қалың дәптер | 600 | 10 дана |
Дәптер | 600 | 40 дана |
Күнделік | 400 | 1 дана |
Альбом | 250 (12 беттік), 450 (24 беттік) | 1 дана |
Циркуль | 1 400 | 1 дана |
Сызғыштар жиыны | 500 | 1 дана |
Қайшы | 200 | 1 дана |
А4 парақ | 1 400 | 1 дана |
Акварель бояу | 400 | 1 дана |
Гуашь | 600 | 1 дана |
Кітап қап | 1 000 | 1 дана |
Түрлі-түсті қарындаш | 850 (12 түсті) | 1 дана |
Қалам | 650 | 12 дана |
Қарындаш | 400 | 4 дана |
Өшіргіш | 150 | 1 дана |
Замазка | 100 | 1 дана |
Барлығын қосқанда | 22 000 |
36 жастағы ана кеңсе тауарлары үшін барлығы 22 000 теңге жұмсапты. Оқу құралдары жылда 10-20 теңгеге қымбаттайды.
Киім-кешек пен оқу құралдарын қосқанда Феруза Мұсаханова әр ұлына 47 000 теңгеден жұмсап отыр. Бұған қоса, 1 қыркүйек күні үлкен ұлының қолына құны 1500-2000 теңге тұратын гүл ұстатып жібереді екен.
Кеңсе тауарларын оқу жылы кезінде талай аламыз. Бұл тек бір тоқсанға жарайды. Бала болғасын жоғалтады, сындырады, әйтеуір қайта алуға тура келеді. Шығындалмайтынымыз — ұлдарымның шашын өзім аламын. Шашы 1 айға жетпей өсіп кетеді. Ал қалада шаш алу ең арзан дегенде — 700 теңге. Өз баспанамыз бар, сондықтан пәтерге көп шығын шығармаймыз.
Феруза Мұсаханова жұбайымен бірге саудамен айналысады. Өздерін айлық табысы орташа отбасы санайды:
Табысымыз екі баланы мектепке қамдауға жетеді. Баласының ел қатарлы киініп, жүзі жарқырап жүргенін кім қаламайды? Үлкен азамат болсын деп барымызды аямаймыз.
Секциялар мен үйірмелерге келсек, Феруза Мұсаханованың екі ұлы сабақ кезінде ағылшын курсына, ал жазда боксқа қатысады.
Бұл — ай сайынғы тұрақты табысы бар, балаларын мектепке дайындауға шамасы жететін отбасылардың бірі. Ал елімізде жағдайы төмен отбасылар да өте көп. Әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасылардан шыққан және қиын тұрмыстық жағдайдағы балаларға қолдау көрсету мақсатында жыл сайын «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы өткізіледі. Бір ғана акция аясында биыл Алматыда мектеп және спорт формасы, оқу құралдары мен рюкзактар түрінде 500-ге жуық балаға көмек көрсетіліпті.
Өткен жылы материалдық және қаржылай көмекпен қамтамасыз етілген бала саны 316 000-ға жеткен. Ал қайырымдылық көмектің сомасы 3 миллиард теңге шамасында болған еді. Материалдық көмекпен ең көп қамтылған өңірлер: Алматы облысы, Қарағанды облысы, Жамбыл облысы, Шығыс Қазақстан облысы
,- деді ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Нұрбек Оршыбеков «Хабар» арнасына берген сұхбатында.
Ал базар бағасы қандай?
Ұлдардың мектеп формасы қыз балалардікіне қарағанда арзан – 12 000 теңге. Ал қыздардың формасына белдемше немесе сарафан қосылатындықтан қымбаттау – 16 000 теңге.
Спорт киімі ата-ананың алып беруіне байланысты. Арзанын іздесеңіз, базарды шарлап жүріп 6 000 теңгелігін табуға болады. Футболка да дәл сондай, 500 теңгенің киімі де шынығуға жарап тұр.
Көпшілік ата-ана майда-шүйдеге ақша көп кететіндіктен кеңсе тауарларынан үнемдейтінін жасырмайды. Олар мұндай заттарды арнайы жәрмеңкелерден алғанды дұрыс көреді.