«Қазгидрометтің» хабарлауынша, циклонның және онымен байланысты атмосфералық бөліктердің әсерінен республиканың солтүстік, орталық және шығыс аймақтарында жаңбыр жауады, найзағай ойнайды, жел күшейеді, солтүстікте бұршақ жаууы мүмкін. Қазақстанның батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында ауа райы жауын-шашынсыз болады.
Ақмола, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде жел 15-20 м/с-қа күшейеді, күндіз бұршақ жаууы мүмкін. Қостанай облысының кей жерлерінде түнде және күндіз жел күшейеді. Солтүстік Қазақстан облысында түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі, күндіз жел екпіні 15-20 м/с-қа күшейеді, бұршақ жаууы мүмкін.
Ақтөбе, Павлодар, Жамбыл, Қызылорда облыстарында да жел 15-20 м/с-қа күшейеді. Күндіз Қызылорда облысының кей жерлерінде шаңды дауыл тұрады.
Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында дала өрті қаупі күшейеді.