Облыс әкімі Болат Бақауов Павлодар мұнай-химия зауытының жаңғыртылуы бойынша жұмыс барысымен танысып қайтты. Жобаның қалай іске асып жатқаны жайлы аймақ басшысына «ПМХЗ» ЖШС-нің бас директоры Шұхрат Данбай баяндап берді. 2011 жылы ПМХЗ-да индустрияландыру картасы аясында қозғаушы отынның экологиялық таза түрін шығаруға бағытталған жоба бастау алды. Жаңғыртуға 183,4 млрд тенге жұмсалған.
Кәсіпорын алдағы уақытта мұнай өндіруді 90 пайызға дейін ұлғайтып, зауытта шығарылатын өнімнің сапасын Еуро-5 деңгейіне дейін жеткізбекші. Жобаның арқасында өндіріске энергия үнемдеуіш пен экологиялық таза технология енгізіледі. Бүгінгі күні құрылыс учаскесінде жол асты құбырларын өткізу жұмысы 88 пайызға аяқталды. Сондай-ақ, 3566,46 тонна металл құрастырылымы жинастырылды. Сонымен қатар, изомеризат сақталатын бес мың текшелі екі резервуардың құрылысы жалғасуда. Бұған 105,76 тонна бетон сұйықтығы жұмсалды. Жалпы құрылысқа 587 адам жұмылдырылған.