Басты бетЖаңалықтарАлматыда үздік...

Алматыда үздік азаншылар республикалық байқауға іріктелді

Алматы орталық мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алматы қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен Ақтөбеде өтетін «Әдемі әуезді азаншы» ІІІ Республикалық азаншылар жарысына Алматы бойынша іріктеу жарысы өткізілді.

Сайысқа қаланың әрбір мешітінің азаншылары қатысып, олардың азан айту кезіндегі дауыс ырғағы, әуені, дыбыстарды дұрыс шығаруы, тынысалуды реттеуі жан-жақты сынанан өтіп, арналды. Үміткерлерді Алматы орталық мешітінің наиб имамы Ерсін қари Бекайдарұлы, «Нұр-Мүбәрак» университетінің докторанты, аға оқытушы Оралхан Рахматбекұлы, Алматы орталық мешітінің наиб имамы Қасым Әбдімәжитұлы, «Жігіттер» квартетінің әншісі Ердос Әмзеханұлы сияқты қазылар алқасының мүшелері бағалады.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Алматы бойынша өкіл имамы Еркінбек қари Керімбекұлы қатысып, үміткерлер мен жамағатқа азан айтудың мәртебесі, сыйы туралы сөз қозғады.

«Азан айту арқылы мүмін адам Алла Тағаланың алдында биік дәрежеге қол жеткізе алады. Оған Ардақты Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына хадисі дәлел: «Кім де кім жеті жыл үздіксіз сауап үмітімен азан айтса, оған тозақ отынан азаттық беріледі, ал оны екі жыл азан айтса, оған жәннат уәжіп болады», ­- деген», — дейді Еркінбек қари Керімбекұлы.

Сайыста 1-орынды «Бәйкен» мешітінің азаншысы Сұлтан Жұмалиев иеленіп, оған 50 мың теңге жүлде берілді. 2-орынды Алматы орталық мешітінің азаншысы Серік Ахметов жеңіп алды, оның жүлдесі — 30 мың теңге. «әл-Хамид» мешітінің азаншысы Бақыт Жайсаңбеков 3-орын мен 20 мың теңгені иеленді. Жеңімпаздар республикалық жарысқа жолдама алды.