Ауыр атлет Владимир Седов та допинг дауына ілікті

Онда спортшының 2008 жылы Бейжің Олимпиялық ойындарында өнер көрсеткен кезінде алынған сынамадан тыйым салынған заттардың табылғаны айтылған.

Еске сала кетейік, Владимир Седов сонда 85 килоға дейінгі салмақта төртінші орынға қол жеткізген еді. «Тексерудің қорытындылары Владимир Седовтың «А» сынамасынан станозолол табылды. Келесі аптада «Б» сынамасы ашылатын болады», – делінген хабарламада.

Айта кету керек, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы 2006 жылы Седовты осындай тәртіп бұзушылығы салдарынан спорт жарыстарынан шеттетіп еді. Сол жолы ол 2008 жылдың 18 мамырына дейін жазасын өтеген болатын.

Бұған қосатынымыз, басылымның мәліметінше, ауыр атлет Мария Грабовецкаяның қанынан да тыйым салынған заттар табылды. Ол да 2008 жылғы Олимпиада кезінде алынған сынамадан шықты. Сол Ойындарда Мария қола медаль алған болатын.

Бұл кезге дейін қазақстандық олимпиялық чемпиондар Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова жарыстардан шеттетілген еді.Осының негізінде Қазақстан Олимпиадаға берілген 10 жолдаманың 2-ін қайтаруға мәжбүр болды.

Ал Владимир Седов жақында Талдықорғанда өткен республика чемпионатында арандатушылық тұрғыда үлкен шу шығарып, жұрт назарына ілікті. 94 килоға дейінгі салмақта сынға түсуге тиісті ол тұғырғы шығып тұрып, зілтемірді көтермей кетіп қалды. Жәй кеткен жоқ, «Міне, саған нағыз олимпиялық чемпион» деп, сыртында ресейлік атлет Александр Ивановтың суреті бар жейдені залға қарай лақтырып кетті. Ал Иванов Лондонда Ильинге ұтылып, екінші орын алған болатын.

ДереккөзЕгемен