Алматыда үздік әлеуметтік жобалар анықталды

Байқауды ұйымдастырушылар — «Нұр Отан» партиясының Алматы филиалы, қала әкімдігі, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы. Байқаудың мақсаты — өмірдегі қиын жағдайға душар болған жандарға көрсетілетін қызметтің өзекті әлеуметтік мәселені шешуге бағытталған бастамашылық жобаларға қолдау көрсету.  Байқауға үкіметтік емес ұйымдар, мүгедектер ұйымдары, халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға бағытталған басқа да мекемелер қатысты.

«Қаншалықты мемлекет дамыған болса да, әрқашан әлеуметтік қолдау көрсетуге  мұқтаж адамдар бар. Қазіргі кезде әлеуметтік кәсіпкерлік жаңа деңгейге көтерілді. Осындай жобалардың арқасында жаңа ұйымдар, жаңа жұмыс орындары пайда болды. Олар әлеуметтік маңызды функция адамның өмірін жақсартуға бағытталған», — деді «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Жұлдыз Омарбекова.

Байқаудың қорытындысы бойынша 1-орын мен 1 миллион теңге көлемінде ақшалай жүлдеге «№1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Өз бетімен өмір сүруге арналған үй» жобасы иеленді. Жоба өз бетімен өмір сүру үшін шағын үйлердің сыйымдылығын дамыту бойынша қызмет алушының кәсіби сауықтыру мүмкіндігін бағалауды және олардың өз отбасымен жеке өмір сүруіне мүмкіндік жасауды көздейді.

Жобаның мақсаты — 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар адамдарды өз бетінше өмір сүруге дайындау.

2-орын және 700 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық «Ел-Назы» арт-терапия даму орталығына берілді.

Жоба мүмкіндігі шектеулі балаларды асырап отырған, мүгедегі бар жанұяларға, балалардың шығармашылық қабілетін қалыптастыруға әрі жастардың әлеуметтік-психологиялық бейімделуін, іс-қимылын жетілдіріп, білім алуына, мүгедектерді жұмыспен қамтып әрі олардың құқығын қорғауға бағытталған.

3-орынды «Еріктілер қозғалысы өмірді өзгертеді!» жобасы алды. Жоба авторларының айтуынша, еріктілер қызметі қоғам үшін маңызды. Еріктіліктің дамуы азаматтық қоғамның қалыптасуына ықпал етеді, коммерциялық емес және қоғамдық ұйымдардың рөлін арттырады. Жоба 500 мың теңге көлемінде белгіленген ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Дереккөзnurotan.kz