Жыл соңына дейін 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылады

Жыл соңына дейін Қазақстанда 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.

«Осы жылдың екінші жартысында жалпы сомасы шамамен 1,1 триллион теңге болатын 100-ге жуық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Онда 12,2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады», — деді министр.

Атап айтқанда, 2018 жылға жоспарланған бірқатар маңызды жоба бар. Олардың арасында Алматыда диаметрі үлкен дәнекерлеуші болат құбырларын өндіретін зауыт құрылысы ескерілген.

Сонымен қатар екінші жартыжылдықта Павлодар облысында теміржолда қолданылатын дөңгелектер өндіру кешенін іске қосу жоспарда бар. Мұнымен қоса, Қызылорда қаласында жалпақ шыны өндіріетін зауыт 2018 жылы пайдалануға берілмек.

Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында Жеңіс Қасымбек Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қарқыны туралы баяндады.  Отырыста Қазақстанда индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығына арналған құжат әзірленгені белгілі болды. ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев индустриализация бағытындағы жұмыстың бәсең екенін атап өтті.

ДереккөзІnform.kz