Алматы ІІД жергілікті полиция қызметі Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметі бойынша Құрбан айт мерекесі күндері қалада мал сатуға рұқсат берілген үш орын анықталғанын хабарлайды.
Малды сол үш орыннан ғана сатып алуға немесе сол жерлерде сатуға болады:
- Ic-commerse ЖШС мал сою пункті, Жетісу ауданы, Полежаев көшесі, 93 А;
- «Тау самалы» базары, Наурызбай ауданы, «Тау самалы» ықшамауданы, Қонаев көшесі, 2;
- «ДИ» кешені жанындағы алаң, Наурызбай ауданы, Жандосов көшесі, 2.
Малдың басқа орындарда сатылуы бейберекет сауда деп есептеледі, оған ҚР заңнамасы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.
Алматы ІІД жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Төрехан Исиннің айтуынша, бейберекет мал саудасы қаланы көріктендіру ережелеріне қайшы келіп, көлік қозғалысына кедергі келтіруі мүмкін. Сол себепті полиция қала тұрғындарын заң мен жалпы қабылданған нормаларды сақтауға, өзгелерге құрмет көрсетуге шақырады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы әкімдігі биыл Құрбан айт мерекесіне орай мал сойылатын жерлердің тізімін жариялаған еді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, Алматыда биыл құрбандық шалуға 22 орын белгіленген.