XVIII жазғы Азия ойындарының ашылу салтанаты бүгін Астана уақытымен кешкі сағат 18:00-де басталады.
Ашылу рәсімінде Қазақстан құрамасының туын 21 жастағы боксшы Әбілхан Аманқұл көтеріп шығады.
Биыл тамыздың 18-і мен қыркүйектің 2-сі аралығында Джакарта мен Палембанг қаласында өтетін Азия ойындарына 440 спортшы қатысады. Онда 462 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстандық атлеттер спорттың 38 түрінен жарыс жолына шығады.
Қазақстан жазғы Азия ойындарына тәуелсіз ел ретінде осымен жетінші мәрте қатысқалы отыр. 1994 жылы Хиросимада өткен ойындарға қатысып, 25 алтын, 26 күміс, 26 қола (77) медальмен жалпы есепте 4-орынға ие болған еді. Ал 1998 жылы Бангкокта өткен Азия ойындарында 24 алтын, 24 күміс, 32 қола медальмен жалпы есепте 5-орынға табан тіреді. 2002 жылы Пусанда өткен ойындарда 20 алтын, 26 күміс, 30 қола медальмен қайта 4-ші орынға ие болса, 2006 жылы Дохада өткен Азиадада 23 алтын, 20 күміс, 30 қола медальмен 4-орынды сақтап қалды. Ал 2010 жылы қытайдың Гуанчжоу қаласында 18 алтын, 23 күміс, 38 қола медальмен бесінші орынға сырғысақ, 2014 жылы Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында 28 алтын, 23 күміс, 33 қола медальмен жалпы есепте қайтадан 4-орынға көтерілдік.