ҚР Бас прокуратурасы Мұхтар Әблязовтің Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастыру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.
Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Әблязовқа бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде француздың Le FIGARO газеті арқылы тергеліп жатқан осы қылмыстық іс бойынша шараларға қатысуға келуі керектігі туралы ескертілді.
«Әблязов пен оның қорғаушысы сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқан тұлғаның шақыруы бойынша келмегендіктен ҚР Бас прокуратурасы ҚР Қылмыстық-іс жүргізу кодексінің 206-бабының 8-бөліміне сәйкес, 1963 жылдың 16 мамырында туған күдікті Әблязов Мұхтар Қабылұлының іс-әрекетіне баға беру туралы осы хабарламаны жариялайды. Сотқа дейінгі өндіріс нәтижелері мен жиналған дәлелдер негізінде осы жылдың 17 тамызында М.Қ.Әблязовтың іс-әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің (1997 жылдың 16 шілдесіндегі) 28-бабының 3-бөлімінің және 96-бабының 2-бөлімінің 2-тармағындағы «ж», «з» тармақтары бойынша квалификацияланды», — делінген хабарламада.
Бұл баптың санкциясы бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Мұхтар Әблязовқа Мұратхан Тоқмәдимен алдын ала сөз байласа отырып, пайдакүнемдік мақсатпен «Банк ТұранӘлем» АҚ бұрынғы басқарма басшысы Ержан Тәтішевті топ болып қасақана өлтіруді ұйымдастырды деген күдік келтіріліп отыр.
Күдікті өз әрекетінің квалификациялануы туралы қаулымен ҚР Бас прокуратурасы ғимаратына келіп таныса алады және қаулының көшірмесін ала алады. ҚР Қылмыстық-іс жүргізу кодексінің 105-бабына сәйкес, тағылған квалификациямен келіспеген жағдайда қаулыға қатысты прокурорға немесе сотқа шағымдана алады.