Басты бетЖаңалықтарНазарбаев "Самұрық-Қазына"...

Назарбаев «Самұрық-Қазына» қызметінің тиімділігін арттыруды тапсырды

Ақорда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Самұрық Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдағанын хабарлайды.
Кездесу барысында Мемлекет басшысына «Самұрық Қазынаның» биылғы 7 ай ішіндегі қызметінің нәтижелері мен алдағы кезеңдегі жоспарлары жөнінде мәлімет берілді.

«Бірінші жартыжылдықтың негізгі көрсеткіштері жақсы. Өзіңіз бекіткен Қор стратегиясын жүзеге асыру мақсатымен белгілі бір жұмыс атқарылып, бірқатар нәтижеге қол жеткізілді. Соның ішінде, холдингті трансформациялау ісі жалғасып жатыр, жекешелендіру аясында 42 миллиард теңге көлеміндегі 18 актив іске асырылды. Осы жылдың аяғына дейін «Қазақтелеком», Air Astana және «Қазатомөнеркәсіп» компанияларын IPO-ға шығаруды жоспарлап отырмыз», – деді Ахметжан Есімов.

Нұрсұлтан Назарбаев қордың сатып алу көлемін бәсекелестік ортаға берудің маңыздылығына тоқталып, атқарылған жұмыстардың шағын және орта бизнесті қолдау ісіндегі оң нәтижелерін атап өтті.

Мемлекет басшысы «Самұрық Қазына» АҚ қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.