Басты бетЖаңалықтарГрант бойынша...

Грант бойынша оқуға түсе алмаған жас чемпиондар наразылық білдірді

Оқу грантына ілінбеген чемпиондардың ата-аналары мен жаттықтырушылары олардың Білім және ғылым министрлігі өзгерткен баптың кесірінен оқуға түсе алмағанын айтады.

Спорт академиясының басшылығы білім грантын конкурс бойынша спортқа қатысы жоқ талапкерлер жеңіп алғанын растады.

Республикалық спорт мектебінің түлектері спорттағы жетістіктерінің еленбей қалғанына қапалы. Талапкерлер бессайыс спорты бойынша Өзбекстан, Таиланд, Ресей сынды елдерде өткен халықаралық жарыстардан талай мәрте топ жарған.

«Санаты жоғары бәсекеден жүлде алып, ел намысын қорғасақ, оқуға да жол ашылады деген үмітіміздің үзілгеніне өкпеліміз»,- дейді спортшылар.

«Бессайыстан жастар арасында Қазақстан чемпионы атандым. Азия ойындарында жеңімпаз болдым. Қазан айында жасөспірімдер арасында өтетін Олимпиадаға қатысамын. 114 балл жинасам да, грантқа ілінбедім», – дейді Әділ Ибрагимов.

Балалары грантқа ілінбей қалған ата-аналар мен жаттықтырушылар Туризм және спорт академиясының алдында жиналып, оқу орнының басшылығына наразылығын білдірді.

«Менің балам волейболмен айналысады. Қазақстан бойынша бес дүркін чемпион атанған. Халықаралық жарыстардың чемпионы. Спорт шеберлігіне үміткер. Спортта жүрген жасөспірімдер Қазақстанымыздың болашағы ғой. Жоғарыдағылардан жас чемпиондарға көңіл бөлуін сұраймын», – дейді ата-ана Қанағат Әбдірасұлы.

Шілде айында білім туралы заңға енген өзгеріс жас чемпиондардың еңбектерін жоққа шығарды дейді академия басшылығы. Заңдағы 26-баптың 5-тармағына сәйкес, жалпы білім беретін мектеп түлектерінің қайсысы жоғары балл жинаса, сол грантқа ілінеді.

«1122 талапкер-спортшы грантқа өтініш берді. Бөлінген грант саны — 450. Оның 117-сі жоғарғы жетістігі бар спортшыларға тиді. 343 талапкердің спортқа қатысы жоқ. Олар балының жоғары болуына байланысты білім гранттарын иеленіп отыр. Грантқа түспей қалғандардың көпшілігі – кішкентай кезінен бастап спорттың қыр-сырын меңгерген балалар. Бұл біздің академияға да кері әсерін тигізеді», – деді Қазақтың спорт және туризм академиясының проректоры Мұхтар Есқалиев.

Биылға дейін халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары атанған жоғарғы дәрежедегі спортшылар оқуға түсерде оларға басымдық берілетін. Болашағын тек спортпен байланыстыратын талапкерлер тым болмаса ақылы оқуға жеңілдік жасалса дейді.