Бір аптада үш көлік айдап қашқан оқушы 1,4 млн теңге шығын келтірді

Оралда бір апта ішінде үш автокөлікті айдап әкеткен 8 жастағы Николай Керцманның ата-анасына қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы — «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша іс қозғалып отыр. Николайдың әкесі Александрдың айтуынша, машина айдап, ойындағысын іске асыру үшін ұлы үйден қашып кеткен.

«Менің көлігім жоқ. Екінші топтағы мүгедекпін. Зақым келген машина жүргізушілерімен шығынды өтеп беру жөнінде келісімге келдім. Зейнетақымнан төлеймін. Коляға ұрыстым, бірақ ол — әлі бала», — дейді Александр Керцман.

Керцмандар отбасы төрт көлік иесіне келтірілген шығынды өтеу қажет. 6 тамызда 2-сынып оқушысы Suzuki көлігін айдап әкетіп, жол жиегінде тұрған Lada Granta-ға соқтыққан. 9 тамыз күні Коля Toyota шағын автобусын ұрлап әкетіп, көпір бағанына ұрынды. 12 тамыз күні бала тағы бір көлікті — Hyundai-ды мініп қашқан. Бетон бөгетке соғылып, оқиға орнынан тайып тұрған.

«Бірінші жол-көлік оқиғасы бойынша 100 мың теңге шығын келді, екінші оқиға бойынша — 300 мың теңге және үшінші рет шығын 1 миллион теңге болды», — деп хабарлады Орал ІІД ЖПҚ бастығы Мүсілім Жәрдемов.

Полицейлердің мәліметінше, барлық үш жағдайда да автокөлік иелері көлік кілтін оталдыру тетігінде қалдырып кеткен.

«Бала жағдайы жақсы отбасыдан. Анасы, әкесі, ата-әжесі бар. Бәрі бірге тұрады. Бала кішкентайынан автокөліктерге үйір. Әкесі оған табақ берсе, бала оны көлік қылып ойнаған», — дейді Мүсілім Жәрдемов.

Николайдың айтуынша, достары оның машина айдай алатынына сенбеген. Бала бұл іс қолынан келетініне олардың көзін жеткізбек болғанға ұқсайды.

Коляның ісі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия отырысында қаралады. Баланың мұғалімдері оның ұқыпты оқушы екенін айтты. Мектеп директорының айтуынша, баланың анасы уақытша жұмыс істемейді, әжесі — медицина жұмысшысы, атасы — зейнеткер. Әкесі ұзақ сапарға шығатын көлік жүргізуші, қазір денсаулығына байланысты зейнетке шыққан. Психологтар Коляның техникаға деген құмарлығын жоғары бағалап, оның болашақта үлгілі полицей болуы мүмкін екенін айтты.

ДереккөзTengrinews.kz