Karma is a bitch
2018 жылдың басында интернет-тенденцияға айналған челлендж Karma is a bitch деп аталады. Қаңтар айынан бастап Instagram желісінде аталған хэштег бойынша видеолар ғарыштық жылдамдықпен тарап, көп қаралым жинады.
Әлеуметтік желідегі тренд бойынша желі қолданушысы камераға қарап тұрып, Karma is a bitch тіркесін айтқан соң адам танымастай өзгеруі тиіс. Видео түсірген кезде Kreayshawn-ның Gucci Gucci әні орындалып тұрады.
Жалпы, Karma is a Bitch тіркесін алғаш «Ривердэйл» сериалының кейіпкері Вероника 2017 жылдың 15 қарашасында шыққан бөлімінде айтқан.
Бұл сөз тіркесінің айтарлықтай терең мән-мағынасы жоқ. Құлаққа жағымды, әуенге ыңғайлы болғандықтан жылдам тараған.
Бұл челлендж алғаш рет Instagram емес, қытайлық Weibo әлеуметтік желісінде қолданылды. Осы сөз тіркесін арқау еткен флешмоб Қытайда 2018 жылдың қаңтар айында басталды. Қолданушылар бірінен соң бірі челленджді қайталай бастады. Қазақстандықтар да жаңа челленджден қалыс қалмады.
Instagram-да бұл челлендж видеоларын #karmaisabitch хештегы арқылы тамашалауға болады.
Zoom Challenge
Американың хип-хоп орындаушысы, рэпер Lil Yachty-дің орындауындағы ән де жаңа челленджге себепкер болды. Биылғы наурыз айында шыққан жаңа Lil boat 2 альбомындағы Mickey әні әлемге Zoom Challenge арқылы танылды.
Желіде Zoom Challenge деген атпен танылған жаңа трендте көлік айдап отырған адамның кейпінде билеп жатқан адамдар бірден жоғалып кетеді, себебі оларды кадр сыртындағылар аяғынан тартып алады. Мұндай әрекетті қайталайтындардың көпшілігі — балалар мен жасөспірімдер.
Челлендждің бұл түрін, тіпті, үй жануарларымен бірге қайталап көргендер де бар.
Желіде челлендж туралы пікірлер екіге бөлінеді. Біреулер видео түсіргендердің креативі мен эмоциясын бағаласа, енді біреулер балалар мен үй жануарларын кадрден шығару үшін тартып алу түрлі жарақатқа себепші болады дейді.
Kiki Challenge
Канадалық рэпер Дрейк өзінің әні трендке айналарын білген жоқ. Оның In My Feelings әнінің қайырмасындағы Kiki, do you love me? Are you riding? өлең жолдарына орай әлеуметтік желідегі жаңа тренд Kiki Challenge аталып кетті.
30 маусым күні Instagram-дағы Shiggy есімді комик Дрейктің In My Feelings әніне билеп, видеосын желіге жүктеді. Артынша New York Giants футбол клубының ойыншысы Кіші Оделл Бекхэм де Дрейктің әніне билеп, желінің жұлдызына айналды.
Жақында ғана пайда болған жаңа челленджді түсіру үшін жүріп келе жатқан көліктен түсіп, жанында еріп жүріп билеу керек. Алғашында қызға сезімін білдірудің ерекше тәсілі ретінде пайда болған Kiki Challenge қауіптілігіне қарамастан желіні жылдам жаулап алды. Голливуд актеры Уилл Смит Будапешттегі көпірдің жанында билеген видеосын Instagram-ға жүктеп, видеоның астына: «Ақылды болыңыз және ешқашан бұлай жасамаңыз»,- деген жазба қалдырды.
Әлемнің түкпір-түкпіріндегі полиция қызметкерлері Kiki Challenge түсіру барысында жарақат алып, түрлі жағымсыз жағдайға душар болған тұрғындар туралы деректер жиілеп кеткенін айтады. Испания полициясы челлендж түсірушілердің «жол қозғалысына немқұрайлы қарағаны және жол аттракционын мақсатсыз қолданғаны үшін» жауапкершілікке тартылатынын ескерткен.
Қазақстан полициясы да бұл флешмобты заңсыздық деп тапты. Ақмола облысының жергілікті полиция қызметі жол қозғалысы ережесінің 19.5 пунктіне сәйкес, жүргізуші көлiк құралы толықтай тоқтағаннан кейiн ғана жолаушыларды отырғызуға және түсiруге, қозғалысты көліктің есігі толық жабылған кезде ғана жүзеге асыруға мiндеттi екенін еске салды. Өйткені жүріп келе жатқан көліктен секіріп шығу арқылы тəртіп бұзушылар жол қозғалысының өзге қатысушыларына қауіп төндіреді.
Соған қарамастан қауіпті челленджді қайталауға тырысатындардың қатары азаяр емес. Тіпті, Калифорния полицейлерінің өзі Kiki Challenge түсіріп, желіге жүктеп үлгерді.
Аталған челлендж видеоларын Instagram-да #Inmyfeelings хештегы арқылы тамашалауға болады.
Маусым айында пайда болған Kiki Challenge-ден қазақстандық шоу-бизнес өкілдері де қалыс қалмады. Алтынай Жорабаева, Жәмила Серкебаева, Аша Матай мен Арман Қоңыров та көліктің жанында жүріп билеген видеоларын өз парақшаларына жүктеп қойған.
Сонымен бірге әлемдік желіде басқа да сан алуан флешмобтар мен эстафеталар болды. Соның бірі — #beardsfrombelow. Мәні — ер адамдар өздерін сақалының астынан фотоға түсіріп, мойнына көзілдірік тағуы немесе көз бен ауыздың суретін салуы керек. Қазақстандықтар мұны да жасап көріп, ғаламдық қозғалысқа қосылды.
Қазақстандықтар қандай челлендж бастады?
Қазақстандықтар шетелден келген вирус видеоларды қайталап қана қоймай, жергілікті оқиғалар негізінде отандық челлендж түрлерін де қалыптастырып үлгерді. Солардың бірнешеуіне тоқталып өтсек.
Тоңып қалмас үшін биле!
Еліміздің жазы аптап әрі қапырық, қысы қатты аяз. Шымкентте аяз кезінде пайда болған музыкалық челлендж қазақстандықтар арасына кең таралды.
#ТоңыпҚалмасҮшінБиле хештегымен шыққан би эстафетасын, әсіресе, Астана, Қарағанды, Семей сияқты суық қалалардың тұрғындары бірден жалғап әкетті.
Отандық челлендж аясында журналистер, танымал әншілер, қарапайым тұрғындар мен мемлекеттік қызметкерлер түрлі флешмоб ұйымдастырды. Қазақстандық челлендж видеоларын #ТоңыпҚалмасҮшінБиле немесе #ТанцуйЧтобыНеЗамерзнуть хештегы арқылы таба аласыз.
Сенің жаңа қырың
Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бастама болған челлендж «Сенің жаңа қырың» деп аталады. Челлендждің мақсаты — Қазақстан тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Нұрсұлтан Назарбаев «Сенің жаңа қырың» атты республикалық спорт шарасына қолдау көрсетіп, осы акцияның қатысушыларына бейнеүндеу жолдаған болатын.
«Елбасы өзінің Жолдауы аясында ең маңызды тапсырманы — 2020 жылға дейін халықтың 30%-ы дене шынықтырумен және спортпен айналысуы керек екенін атап өткен болатын. Өткен жылдың қорытындысы бойынша дене шынықтырумен айналысатын адамдардың саны 5 миллионнан асты. Біз осымен тоқтап қалмауымыз керек. Мен барлығыңызды спортпен айналысуға шақырамын. Дене шынықтыру сіздің өміріңіздің бір бөлшегіне айналуы керек», — деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Көп кешікпей азаматтардың бірлескен жаттығуы басталып кетті.
Арыстанбек Мұхамедиұлы Шымкент, Өскемен, Петропавл мен Ақтаудағы спорт белсенділерімен тікелей трансляция жасады.
Спорт басқармасы басшыларының жетекшілігімен челленджге қатысушылар динамикалық музыканың сүйемелдеуімен кешенді жаттығулар жасады. Шараға белгілі спортшылар, әртістер, мәдениет қайраткерлері, өңірлердің белгілі тұлғалары қатысты.
Астанадағы гимнастикаға «Самұрық Қазына» АҚ басқарушы директоры Әлішер Пірметов, Парламент мәжілісінің депутаты, Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев, боксшы, Рио-де-Жанейро Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит, балуан, Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Гюзель Манюрова, әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы қатысты.
«Сенің жаңа қырың» атты акция әлі де жалғасып жатыр. Челлендж аясында түсірілген видеоларды #СеніңЖаңаҚырың немесе #ДругойТы хештегы арқылы табуға болады.
Көшені қардан бірге тазартайық
Тоқтамастан жауған қармен алысқан қазақстандықтар қыста тағы бір челлендж бастады. Ол «Көшені қардан бірге тазартайық» деп аталады. Шымкентте басталған челлендж қарапайым тұрғындарды көше тазалаушыларға көмектесуге шақырады. Бұл бастама алғаш рет @Dudoser инстапарақшасында сабақтан кейін анасына көмектесетін баланың видеосы жарияланған соң пайда болды.
Кейін @Kris_p_Almaty парақшасында азаматтарға үндеу жасайтын видеолар пайда болды. Флешмобты қабыл алған басқа қалалар тұрғындары да көше тазалаушылармен бірге қаланы қардан тазалап жатқан видеоларын жариялай бастады. Осылайша игі іске бастама болған әлеуметтік челлендж Қазақстан аумағында танымал болды.
Ал сіз желіде эстафетаға айналған қандай челлендждерді білесіз?