Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың бастаған делегация Қазан қаласына жұмыс сапарымен барып қайтты. Делегация құрамында салалық басқармалар мен жергілікті атқару органдарының өкілдері және кәсіпкерлерболды.
Алматы облысының өкілдерін Татарстан Республикасының президенті Рустам Минниханов, вице-премьер Василь Шайразиев, премьер-министрдің орынбасары – өнеркәсіп және сауда министрі Альберт Каримов қарсы алды.
Былтыр Татарстан делегациясы Алматы облысына келіп, ортақ мәмілелерге келген болатын. Әсіресе, Алматы облысының Панфилов ауданы мен Татарстан Республикасының Менделеев ауданы арасында ынтымақтастықты дамыту қолға алынған еді.
«Сіздерді өз жерімізде көргенімізге өте қуаныштымыз. Бұл кездесу екі өңір арасындағы мәдени және экономикалық қарым-қатынасымызды одан ары жақсартып, жарқын болашаққа бастамақ. Біз үшін «Қорғас» жобасы үлкен қызығушылық туғызып отыр. Бұл нысан — әлемдік деңгейдегі ең үлкен көлік тасымал хабы. Бізге қазіргі күні осы бағытта жұмыс істеп, кәсіпкерлікті дамытуға күш-жігерімізді салуға ниетіміз бар. Сонымен қатар білім саласындағы қарым-қатынасымызды жақсартып, зерттеу орталықтарын дамытып, студент алмасу бағытын бір жолға қойсақ деген ойымыз бар», — деді Татарстан президенті.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бірлесе қызмет етуге бар жағдай жасалғанын айтты.
«Біздің сіздерден үйренеріміз көп, біздің де жақсы жақтарымызды сіздер ала аласыздар. Алматы облысы Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын ірі өңір болғандықтан ең әуелі бізді аграрлық сала қызықтырады. Дегенмен басқа салалар да мыңызын жоғалтпайды. Қызығып отырған тағы бір саламыз — ІТ-технологиялар. Оған қоса оқушыларыңыз біздің сауықтыру лагерьлеріне, соның ішінде Алакөл жасалауына келіп демала алады. Студент алмасу — өте жақсы идея. Облысымызда І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті және С.Демирел атындағы университет бар», — деді Амандық Баталов.
Алматы облысының делегациясы Қазандағы ІТ-парк және «Иннополис» инвестициялық даму агенттігінің Smart city, «Эйдос-робототехника» және «Эйдос-медицина» жобалық орталықтарын аралап, роботтандырылған өндірісті көрді, робот-манипуляторлардың пайдаланылуын тамашалады. Бұдан соң «Казань» агроөндірістік паркінде, Қазан федералдық университетінде, футболдан әлем чемпионаты өткен «Казань Арена» стадионында болды. Делегация мүшелері Қазанның бірнеше мәдениет орнын да аралап көріп, Қазандағы Құл-Шариф мешітіне зиярат етті.
«Көп нәрсеге көзіміз ашылды. Татарстанда жаңа технологиялардың жақсы дамып жатқаны қуантады. Қазақстан цифрландыру жүйесіне өтіп жатқандықтан бұл тәжірбиені өзімізде қолданып көргіміз келеді. Одан басқа да көптеген идеямен қанаттанып алдық. Енді соның бәрін атамекенде қолдану ғана қалды», — деді Амандық Баталов.