Шетелде оқыған студент пен қазақстандық студенттің айырмашылығы неде? Кім неден ұтады немесе ұтылады?

Қазақстандық және шетелдік білім беру жүйесін көзбен көріп, қазір осы салаға аз да болса қатысым болғандықтан жеке пікір білдіруді әрдайым құп санаймын. Осы мәселе аясында critical thinking, яғни сыни ойлау қабілеті немесе дағдысына ерекше акцент қойғым келеді.

Сыни ойлауды «сынау» деп қабылдап жатады. Сыни ойлау дегеніміз — ең біріншіден, кез келген ақпараттың дұрыс-бұрысын тексеріп, оны сүзгіден өткізе білу. Ол фактчекингпен де тығыз байланысты. Сыни ойлау – аналитикалық қабілет, сіздің қаруыңыз, тіпті академиялық иммунитетіңіз. Оны мектептегі немесе университеттегі бөлек курс ретінде оқыту жеткіліксіз деп есептеймін.

Исатай Минуаров
Исатай Минуаров. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Батыс университеттерінде студенттерге семестр соңында эссе жаздыру практикасы кең таралған. Мысалы, 3000 сөз (12-15 бет) эссені жазу үшін сіз кемінде 10-15 ресурс (кітаптар, ғылыми журналдардағы мақалалар) оқып, бір пікірді екінші пікірге қарсы қойып, соңында объектив қорытындыға келесіз. Осы тәжірибені біз де кең қолданысқа енгізсек, ұтатын тұсымыз көп болады. Әйтпесе, фейк ақпаратқа сенетін немесе бананнан ВИЧ инфекциясының тарайтынына сенетін ұрпақ өсе бермек.

АҚШ, Канада, Австралия сияқты бірқатар елде талап етілетін күрделі GRE тестін айтып өткен де маңызды. Бұл тестте сіздің математикалық қабілетіңізбен қатар ақпаратты жылдам саралай алу жағын, академиялық сөздік қорыңызды, аргументтеу, логикалық ойлау қабілетіңізді тексереді. Сонда ЖОО-ға түскісі келетін кандидат өзінен не күтілетінін әу баста біледі.

Шетел студенттері өздерінің прагматизмімен ерекшеленеді. Олар алып жатқан білімінің болашақтағы наны екенін түсінеді. Заңгерлікті, прокурорлықты культ есептейтін біздің қоғамға жоғары білім академиялық капитал немесе құрал ретінде қабылданатындай сана өзгерісі керек. Құндылықтар жүйесі өзгеруі керек.

Қазақстан студенттері тағылымдамаға ерекше мән беруі тиіс

Шетелдік ЖОО-да студенттер бакалавриат болсын, магистратура болсын, тағылымдамадан өтуге барынша ұмтылады. Ақылы болсын, тегін болсын.

Оны университеттен кейінгі ересек өмірге дайындық, өз салаң бойынша ұшталудың таптырмас құралы деп айтсақ болады. Бізде тәжірибеден немесе тағылымдаман өтетін жерлер өте көп. Бұл — резюмеңізге таптырмас толықтыру. Қазақстанда 1-курстан бастап әлеуметтік зерттеу аясында жинаған тәжірибем маған Англияда оқуда жүргенде көп көмектесті. Магистратурада оқып жүріп, Манчестер университеті базасында Cathie Marsh Institute for Social Research Methods атты құрылымда ары қарай шыңдалдым. SPSS (статистикалық анализ бағдарламасы) бағдарламасы аясындағы білімімді одан әрі толықтырдым. Сандық зерттеулердің ортасына түсіп, национализм, нәсілшілдік, олар қаншалықты британ қоғамында әлеуметтік мобильділікке әсер етеді деген сияқты көптеген тақырып аясында сараптама жүргіздік.

Исатай Минуаров
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Зерттеу тақырыбы жағына келетін болсақ, біздегі академиялық орта неғұрлым аты жер жаратын, кең ауқымды тақырыптарды таңдауға құмар. «Глобализацияның жастарға әсері» деген сарында мақала-диссертациялар көріп жатамыз. Батыстың академиялық ортасында мұндай фокусы шексіз тақырып таңдасаңыз, оқытушыларды аң-таң қалдыруыңыз әбден мүмкін. Оны PhD-де оқып жатқан студенттің де жазуға шамасы жетпейді. Зерттеу фокусың неғұрлым нақты болса, соғұрлым өзіңе де жеңіл болады.

«Бізде көп жағдайда мұғалімді аудиториядағы жалғыз білімді адам сияқты қабылдайды»

Мұғалім мен стүденттің ара-қатынасы бізде субординация аясында өрбиді. Бізде көп жағдайда мұғалім аудиториядағы жалғыз білетін адам сияқты қабылданады. Ондай атмосферада студент өзінің пікірін ашық білдіре алмайды, бір жақты ойланып, дискуссияға түсу мәдениетін меңгермейді.

Англо-саксон білім жүйесінде, тіпті, баға қою мәселесіне келсек, сіз семестр соңында тапсырған эссеңіздің титулдық бетіне өз атыңыздың орнына студенттік номеріңізді ғана жазасыз. Сонда оқытушы жұмысты оқып, баға қою барысында эссенің кімдікі екенін білмейді. Бұл мұғалімнің барынша объектив болуына септігін тигізеді. Ал диссертация жұмысы жетекшінің және басқа университеттің өкілінің сүзгісінен өтеді. Екеуі өздерінің бағасын қойып (бір-біріне беймәлім болады), соның арифметикалық ортасы қойылады.

Жақында еліміздің беткеұстар университетінің бір профессорының Абайға байланысты жазған ағылшынша мақаласын көзім шалып қалды. Абайдың қара сөздерін “Black words” деген аудармасын көрген кезде кішкене шок алдым. Егер профессор статусы бар оқытушы Google аудармашымен аударып, оны кейін түзетуге шамасы жетпесе, студенттерді кінәлауға қақымыз жоқ. Бұл — жүздеген мысалдың бірі.

Исатай Минуаров
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қазақстандық ЖОО-ларда зерттеу мәселесінде қандай толықтырулар қажет?

Жеке пікірімше, бізде әлі көп нәрсе номинал түрде қалып кетіп жатыр. Болон жүйесін енгіздік деп мақтанамыз, бірақ шын мәнінде олай емес. Аты айқайлап тұр, заты басқа.

Ең біріншіден, кредиттік жүйенің, яғни біздің университеттер қабылдаған батыстық модельдің алғышарты — әр студентке өзі қалаған курсты таңдауға ерік беру. Соны шынайы жүзеге асырса, оң нәтиже болар ма еді?

Бұл жерде өзінің автономиялық жүйесімен ерекшеленетін Назарбаев университетін атап өтуге болады. Бұл университеттің жүйесімен жақсы таныстым, түлектерімен бірге магистратура оқыдым, араластым. Назарбаев зияткерлік мектебі мен Назарбаев университеті жастардың жаңа формациясын дайындап жатыр деп ойлаймын. Елімізде университеттер арасында қазір ребрендинг үдерісі кеңінен тарап жатыр. Ол бұдан да жақсы эффект әкелетініне сенейік.

«Жастар саясаты флешмобтардың деңгейіндегі институт ретінде қала берсе, шаблонды түрде ойлайтын жастар тәрбиелейміз»

Болашақ стипендиаты атанып, АҚШ-та академиялық ағылшын тілін дамытуға бір жыл мерзімге аттанғанымда елдің әлеуметтік құрылымымен, академиялық ортасымен жақсы таныстым. Саяси сауаттылық, мәдениет деңгейіне тәнті боласың. Бұл жерде мәселе тағы да сыни ойлауға келіп тіреледі. Әрине, пропагандаға еріп, оның құрбаны болып жүргендер жетерлік. Дегенмен жастар өздерінің қандай ақпарат тұтынатынын біледі. Қандай БАҚ қандай принцип, идеология ұстанатынын, қандай партияның құндылығын жақтайтынын біледі. Әсіресе, президенттік сайлау алдындағы дебаттарды көруге жиналып, аяғында декан, профессорлармен қызу талқылаулар өткізетін.

Британияда магистратурам да 2017 жылдың жазында болған парламенттік сайлау науқанына сай келді. Осындай саяси науқан қызған шақта, жастардың саяси белсенділігі артып, үгіттеуге дейін араласып кетеді. Жастар негізі екі лагерь болып бөлінеді: Labour (лейбористер) және Tory (консерваторлар). Саны жағынан осы екі партия өкілдері басымдыққа ие, бірақ біріншінің саны әлдеқайда басым.

Әзірше Қазақстандағы жастар саясаты флешмобтардың деңгейіндегі институт ретінде қала берсе, шаблонды түрде ойлайтын жастар тәрбиелей береміз.

«Еліміздің ұлттық саясатында өзгеріс көп»

Еуразия ұлттық университетінде 3-курста оқып жүріп, Польшадағы Варшава университетіне бір семестрге акамдемиялық мобильділік бағдарламасы аясында жолдама алдым. Сонда өзіме қызық көрінген «Шығыс Еуропадағы ұлтшылдық» деп аталатын модульды таңдадым. Оның үстіне, Польшадағы саяси аренада «Құқық және Әділет” әсіреоңшыл (ұлтшыл) партиясы белсенділігін танытып жатты. «Польша — тек поляктардың елі» деген желеумен өтетін демонстрацияларға да куә болдық. Сол кезден бастап ұлттық бірегейлік, национализм, ұлттық саясат тақырыптарына қызыға бастадым.

Бұл мәселеге ғылыми қызығушылығым Британияда магистратурада оқып жүргенде одан әрі нығая түсті.

Исатай Минуаров
Исатай Минуаров ұстазымен. Фото: жеке мұрағаттан

Ол кезде Британия ЕО құрамында қалу-қалмау жөнінде референдум өткізіп, ақыр аяғында шығуға шешім қабылдап, ол әлемге Брекзит болып аталып кетті. Сандарға үңілсек, 18-24 аралығындағы жастардың тек 37%-ы шығуды қаласа, 50-64 жас аралығындағы ересектердің үлесі 64% болды. Бұл нені білдіреді? Брекзит дегеніміз не өзі? Брекзитті тек экономикалық саясатпен байланыстырсаңыз, қателескеніңіз. Брекзиттің түбінде национализм жатыр. Консерватив аға ұрпақ лейбористерге ерген, либералдық құндылықтар және толеранттылық құндылықтарды бойына сіңірген жастардың еркіне қарсы дауыс берді. Мен тілдескен жастардың көбі өздерінің болашағын Еуроодақпен байланыстыратынын және аға ұрпаққа ренжулі екенін айтатын. Брекзит шынында да жастар мен аға ұрпақтың арасындағы жасырын қарама-қайшылықты көрсетіп берді.

2017 жылы сәуірде Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық саясат үшін маңызы зор «Рухани жаңғыру» мақаласы жарыққа шықты. Елдегі тіл саясаты, латынға көшу, «Серпін» сияқты стратегиялық қадамдар тағы бар. Ойлана келе, мен магистратурада меңгерген Critical Discourse Analysis (Критикалық дискурс анализ) әдісін сараптамалық инструмент ретінде қолданып, елдегі бірқатар бағдарламаны зерттедім. Азаматтық ұлт дискурсы, «қазақстандық ұлт» саясаты қаншалықты атқарылып жатқан жұмыспен жанасады және тағы басқа бірқатар мәселені қозғадым.

Қазір еліміздің ұлттық саясатында өзгеріс көп. Демографиялық параметрлер өзгерген сайын ұлттық саясат соған бейімделіп отырады. Сондықтан ғылыми қауымдастыққа қызық зерттеулер толып жатыр.

Исатай Минуаров
Фото: жеке мұрағаттан

Интеллектуал потенциалы мол жастардың шетелде тұрақтап қалуына не себеп, олар қандай жағдайда қайтып келер еді?

Бұл жерде ескеретін нәрсе: біз қандай әлеуметтік топтардың елден кетіп жатқанынан бейхабармыз. «Тек білім алу мақсатында кетіп жатыр» деп кесіп айта алмаймыз. Бірақ қолда бар ақпаратқа сүйенсек, былтырдың өзінде елімізден тоғыз айдың ішінде 28 мың адам кеткен. Ал елге келушілер саны одан 2,5 есе аз. Оның ішінде бес мыңы техникалық саланың өкілі болса, 2,7 мыңы экономист және 1,7 мыңы педагог екен. Егер бұл тенденция одан әрі өрши берсе, дабыл қағатындай жағдай болады.

Кез келген адамды тұрмыс билейді. Жеке пікірімше, жұмыссыздық, табыс деңгейінің төмендеуі, бағалар өсімі, орта және жоғары білім саласының қанағаттандырмауы, жоғары білім бағасының өсуі, медициналық қызметке қанағаттанбау сияқты факторлар жатады деп есептеймін.

Оларды қайтару мәселесі енді түсінікті болар: жоғарыда аталған мәселелерді шешу. Одан басқа жол жоқ тәрізді.

Шетелде оқығандармен бәсекелесе алуы үшін елде оқитын студент не істеуі керек?

Бар мүмкінді пайдалану керек. Алысқа бармай-ақ қоялық, осыдан 4-5 жыл бұрын ғана университеттерде көптеген мамандық қазақ тілді әдебиеттің жоқтығынан жапа шегетін. Қазір осының төңірегінде қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Қазақша сапалы контент қарқынды дамып келеді. Жақында шыққан қазақ тіліне аударылған 18 кітаптың өзі — үлкен еңбек. Мұндағы ең басты мақтанып айтатын нәрсе: әдебиеттер тікелей ағылшын тілінен аударылады. Сонымен қатар, Open University сияқты мықты ресурстар бар. Рухани жаңғыруды дұрыс жағынан түсінейік, қазір оны халық тарапынан интерпретациясы дұрыс емес. Білім саласын жекелей қарастыратын болсақ, бағдарламада өте үлкен месседж бар. Өкінішке қарай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәнін көбі түсіне бермейді.

Бізде шетелде оқығысы келетін, көзінде жалыны бар жастар көп. Оқытушы болғалы бұған көзім жетіп келеді. Сондықтан оларды бағдарлауға тырысамын. Сабақтан аздап уақыт қалса, студенттерге шетелдік университеттер кампустары жайлы видеолар көрсету арқылы мотивация беруге, эссе, диссертация жайлы айтып, талдап тұрамын.

Академиялық мобильділік те — үлкен баспалдақ. Университет қабырғасында жүріп, осы бағдарламаға тапсырып, бағыңызды сынап көргеніңіз абзал. Көбіне Шығыс Еуропа елдеріне жібереді, десек те, ондағы жүйенің бізден түбегейлі айырмашылығы бар. Сол бағдарлама қазақстандық жастар үшін үлкен бір баспалдақ, яғни оқуды ары карай ағылшын тілінде алудың алғышарты деп білемін.

Исатай Минуаров
Фото: жеке мұрағаттан

Университетіндегі білімге көңілі толмаған студентке кеңес

Интернетті, әлеуметтік желіні тиімді пайдалану керек. Қалай ақталсақ та, әлеуметтік желіге көп уақыт жұмсаймыз. Дегенмен одан да көп пайда алуға болады. Ағылшын тілін үйренгің келе ме, өзге де біліміңді жетілдіргің келе ме — әлеуметтік желіде де мүмкіндік көп. Facebook-тің қазақстандық сегменті саясиланып және арзан нәрселеге толып кеткенімен де, онда да қызықты, пайдалы парақшаларға жазыласыз. Мысалы, жаңалықтар парақшасы.

Интернеттен білім алуға ұмтылыңыз. Coursera, Skill share сияқты онлайн білім беретін бағдарламалардан тиімді бағада түрлі әлемдік университеттің курстарынан өтсеңіз, біраз білім жинайсыз. Youtube желісі де — тұнып тұрған білім.

Ағылшын тілін меңгеруді мақсат тұтсаңыз, кітап оқыңыз деп стандартты кеңес бермейін. Жаныңызға жақын интернет арқылы тіл үйренуді қолға алыңыз. Грамматикадан бастап, оны нығайтқаннан соң сериалдарға көшіңіз.

Исатай Минуаров
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Оқушы мен ата-анаға кеңес

Бала өз болашағына өзі жауапты. Тиісінше, мамандығын өзі таңдауы керек (бала өзіне не керегін біледі. Егер барлығы жоспар бойынша болмаса, бала ата-анасын кінәлайды). Қазір нарық соны сезген болуы керек, көптеген оқу орталығы «дұрыс мамандық таңдауға көмектесеміз» деген сервис көрсетуді бастады.

Нарықта қандай мамандықтарға сұраныстың мол екенін анықтап алыңыз. Мамандықты таңдағанда өте ұқыпты болыңыз.

«ЖОО-ға мектептен соң бірден түсу міндетті» деген психологиядан арылу керек. Шетелде Gap year деген ұғым бар. Gap year бір жыл болуы мүмкін, екі-үш жылға созылуы мүмкін. Бұл уақытты мектепті енді бітірген түлек өзінің не қалайтынын, жасырын потенциалын барынша анықтауға, приоритеттерді дұрыс қою жағын ойлануға пайдаланады. Есесіне, мектеп бітірген бала сол уақыт аралығында есейіп, аз да болса студенттік шақта туындайтын қиындықтарға, стреске дайын болады. Ал біздегідей балаға мектеп бітірген жылы бірден университетке түсуді міндеттеу дұрыс емес.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!