Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданынан 30 отбасыдан тұратын көш сенбі күні Солтүстік Қазақстан облысына аттанды.
Сарыағаш қаласының тұрғыны 53 жастағы Айбөбі Дүйсенбі Солтүстік Қазақстан облысы Шоқан Уәлиханов ауданының Алқатерек ауылына қоныс аударып бара жатыр. Отбасындағы 5 адаммен үйсіз, жұмыссыз жүрген Айбөбі жаңа мекенде баспана мен жұмыс табылады деп үміттенеді.
– Бір ай бұрын балам Алқатеректің тыныс-тіршілігімен танысып келген. Ұлым – дәнекерлеуші, келінім – тәрбиеші, өзім – аспазшымын. Әкімдігі жұмыс тауып беруге уәде етті. Ол жақта үй бағасы да арзан екен. Көшуді ұйғардық, — дейді ол.
Сарыағаш аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Шірінбек Ешанқұловтың Азаттыққа айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының Шоқан Уәлиханов және Ақжар аудандарына қоныс аударып бара жатқан 30 отбасындағы жандарға жұмыспен қамту мемлекеттік бағдарламасы аясында квота бойынша қаржы бөлінеді.
– Мысалы, отағасына 105 мың теңге, ал отбасының әрбір мүшесіне 75 мың теңге шамасында қаржылай көмек беріледі. Бұл тек қана көшіп барғанда бір реттік берілетін көмек. Көшіп барғандар мүмкіндігінше баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етілетін болады, — дейді шенеунік.
Халық тығыз орналасқан Оңтүстік Қазақстан аймағынан егін және мал шаруашылығын дамытуға жұмыс күшіне сұраныс бар елдің солтүстік өңіріне қоныс аудару басталғанына үшінші жыл.
Жергілікті биліктің мәліметі бойынша, биыл жыл басынан бері Сарыағаш ауданынан 140 мүшесі бар 28 отбасы Солтүстік Қазақстанға көшіп кеткен.