«Алматыда серфингті дамыту»
2016 жылдың 17 маусымында Алматыда қатты нөсер жауып, қаланы су басты. Бұл жағдайға интернеттегі көпшілік қала әкімі Бауыржан Байбектің әрекетсіздігін айыптап, оны меммен әжуалады.
«17 маусымда айлық норма — 60 миллиметр кезінде 3 сағаттың ішінде 47 миллиметрге, ал таулы жерлерде 57 миллиметрге дейін жауын-шашын жауған. Соңғы рет мұндай нормадан ауытқыған жағдай 1957 жылы болды, ол кезде 64,8 миллиметр жауын-шашын түсті. Сол себепті 17 маусымда қала аумағында 94 су басу оқиғасы болды», — деді Алматы әкімі Бауыржан Байбек.
«Мен Байбектен келдім»
2017 жылы Бауыржан Байбек журналистермен кездесу кезінде Алматыны мақтаймын деп асыра сілтеп жіберді. Ол қала тұрғындарына не себепті Алматы өмір сүруге және жұмыс істеуге қолайлы қала екенін айтты. Сонымен қатар «Туристер Алматы мейрамханаларында 500 теңгеге дәмді тамақтана алады» деді. Бұл мәлімдемеден кейін тамақтандыру орталықтары әкімнің бұл сөзін бірден қолдап кетті. Желіде «Алматыда 500 теңгеге тойып түстенуге болады» деген мем тез тарап, ел ішінде әзілге айналды.
«Күлуім керек пе еді?»
«Алтын глобус», «Оскар» сыйлықтарының иегері, продюсер, кинорежиссер Николас Кейдждің Астанаға EXPO-2017 көрмесінің аясында өткен «Евразия» кинофестиваліне қонақ болып келгені есімізде. Фестивальді ұйымдастырушылар мәртебелі мейманға қазақы дәстүрмен шапан кигізді. Шапан киген Кейдждің эмоциясы сыйлық алған адамның жүзіне сай келмей шықты да, оның осы түрі әлеуметтік желіде қаз-қалпында мемге айналып кетті. Ал биыл осы фестивальға француз актеры Венсан Кассель келіп, ол да шапан киді. Кейджден айырмашылығы — ол фотоға күліп түсті. Кассельдің бұл фотосы желіде көп тарағанымен ол мемге айнала қоймады.
«Перуашевтің коммуналкасы»
Парламент мәжілісінің депутаты Азат Перуашев халықтың барлық тобын тұрғын үймен мейлінше көп қамтудың жолдарын айтты. Ақпарат құралдары оның «Баспана салғанда жеке-жеке санитарлық тораптар мен асүйлерден бас тарту тұрғын үй шаршы метрлерінің бағасын төмендетуге ықпал етеді» деген мәлімдемесін таратты. Әлеуметтік медиадағы көпшілік Перуашевтің сөзін дәретханасы мен асүйі ортақ «коммуналка» салу деп түсініп, оны біраз келеке етті. Кейін депутат «баспананы дәретхана мен асүйсіз салу керек» деген ұсыныс айтпадым деп түсінік берді.
Басында бәрі Saebiz болды
2017 жылдың қыркүйегінде қазақ тілінің жаңа латынша алфавиті жасалды. Алғашқы алфавитте қазақ тіліне ғана тән дыбыстар диграфтармен — бір дыбысты білдіретін қос қаріп таңбасымен белгіленді. Кейін «сәбіз» сөзінің saebiz деп жазылатыны белгілі болды. Интернет-мем көп өндірілген 2017 жылы бұл өндіріс тағы бір трендпен толықты. Бұдан соң қазақстандықтарға латын графикасының тағы бір нұсқасы ұсынылды. Онда қазақ тілінің спецификалық дыбыстары апострофтармен белгіленді. Алфавиттің бұл нұсқасы да көптің көңілінен шықпады. Соңында арнайы дыбыстарды акуттармен (әріп үстіне қойылған ноқат) белгілейтін басқа алфавит қабылданды. Қазақ тілін латын графикасына 2025 жылға дейін біртіндеп көшіру көзделіп отыр.
«Үш ай қысқа шыдасаң, төртіншісі тегін»
Қазақстандықтар өткен қыстағы аяздан аздап қысылып шықты. Көпшілік үскірік кезінде көшеден аман келгенін «тағдыр сынағы» деп жатса, енді біреуі басшылықта отырған азаматтардан мектептерде сабақты, мекемелерде жұмысты уақытша тоқтатуды талап етті. Интернеттегі халық аязға қарамастан такси қызметінің қымбат болғанын, аяздың басқа да әбігерін мемге айналдырды.