Басты бетЖаңалықтарБиыл Алматыда...

Биыл Алматыда 30 мың адамға діни экстремизмге қарсы тұруға кеңес берілді

Алматы Дін істері жөніндегі басқарманың мәліметінше, қалада 17 конфессиядан (республика бойынша 18 конфессия) құралған 179 тіркелген діни бірлестік жұмыс істейді.

Басқарма басшысы Айдар Есенбековтің айтуынша, қаладағы діни ахуалдың тұрақтылығын сақтауда діни эсктремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы ақпараттық-кеңес беру тобының (АКТ) рөлі зор.

Aқпараттық-кеңес беру тобы жұмысының негізгі бағыты — Конституцияның зайырлы принциптерін насихаттау, қоғамдағы конфессияаралық келісімді нығайту, ұлттық және рухани құндылықтарды насихаттау және радикалды діни идеология мен экстремизмнің алдын-алу.

«Жыл басынан бері ақпараттық-кеңес беру тобы 30 мыңнан астам адамды қамтыған  270 іс-шара ұйымдастырды», ― дейді Басқарма басшысы Айдар Есенбеков.

Арнайы ақпараттық-кеңес беру тобы 2018 жылдың басында құрылды. Қазіргі уақытта топта 70 мүше жұмыс істейді. Олар: дінтану мамандары, теологтар, мешіт имамдары, философтар және қоғам қайраткерлері мен ғалымдар. Жақында діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамадағы өзгерістерге байланысты АКТ құрамына заң саласындағы мамандар да кірді.

Дін істері жөніндегі басқарма басшысының айтуынша, АКТ жастарға, медицина, әскери, білім саласындағы қызметкерлерге және дін жолындағы адамдарға дәріс оқып, кездесу, семинар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырады. Мұндай жиындарда мамандар қатысушыларға дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары мен басымдықтарын, зайырлылық тұжырымдамасын, нормативтік құқықтық актілердің ережелерін, діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы күрес бағдарламаларын және профильді заңнамадағы өзгерістерді түсіндіреді.

Бұдан бөлек, басқарма үшінші жыл қатарынан деструктивті ағымға кіріп кеткен азаматтармен оңалту жұмыстарын жүргізіп келеді. 2016 жылы Дін істері жөніндегі басқарма Діни кеңес беру және оңалту орталығын құрды. Бұл орталық дәстүрлі діннен адасып, жат діни ағымның құндылықтарын ұстанып жүрген азаматтармен жұмыс жүргізеді. Басты мақсаты – олардың радикалды идеяларына түсінік беріп, дәстүрлі дінге қайтару.

Басқарманың мәліметінше, орталық өткен жылы 244 адамның дәстүрлі дінге оралуына себеп болды. Биыл да бұл жұмыс жалғасып жатыр. Қазірдің өзінде 400-ге жуық азамат орталыққа келген. Жыл соңында олардан қандай нәтиже шыққаны анықталады.