Басты бетЖаңалықтарАҚШ-та ұсталған...

АҚШ-та ұсталған Қазақстан азаматшалары кімдер?

ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов АҚШ-та Федералдық тергеу бюросы ұстаған Қазақстанның үш азаматшасының аты-жөнін атады.

Олар:

  1. Азиза Джавадзаде (Джалолова), 1994 жылы туған;
  2. Диора Аширова, 1991 жылы туған;
  3. Елена Құдайбергенова, 1970 жылы туған.

«ҚР Ішкі істер министрлігі олардың Қазақстан азаматы екенін растады. Біз қалыптасқан дәстүр бойынша шетелдегі азаматтарымызға қолдан келген бар көмекті көрсетеміз. Олар ұсталды», — деді ҚР Сыртқы істер министрі.

АҚШ Әділет министрлігінің мәліметінше, Қазақстан азаматшалары Бруклинде тұрады.

Бұған дейін АҚШ-та 20-дан астам адамның автокөлік саудасымен байланысты ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін айыпталып жатқанын хабарлаған едік.

Нью-Йорктің Оңтүстік округы прокуратурасының мәліметінше, қылмыстық топ құрамында Ресейдің жеті азаматы, Грузияның бес, Әзірбайжанның төрт, Қазақстанның үш, Украинаның екі азаматы, Латвияда туған екі адам және АҚШ пен Түркия азаматтығын алған басқа да адамдар бар. Осы іс бойынша әзірше Нью-Йоркте 11 адам, Флорида мен Мичиганда тағы бірнеше адам ұсталды.

Сегіз адамға іздеу жарияланды, олардың арасында Ресейдің алты азаматы бар. Айыпталушылардың көлік сатылатыны жайлы жалған хабарламалар жариялап, адамдардан кепілақы алғаны, полициядан жасырынып жүргені айтылады. Бұған қоса, олар жалған фирмалар ашқан. Қылмыстық топ келтірген залал шамамен 4,5 миллион доллар болған. Прокуратураның мәліметінше, істің әрбір фигуранты 30 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сол сияқты, ақша жымқыру мақсатында алдын ала келісімге келіп жұмыс істегені үшін әрқайсысы 20 жылға сотталуы мүмкін екені хабарланды.

ДереккөзTengrinews.kz