Боулинг турнирі тұңғыш рет Атырауда өтті

Атырауда Қазақстан боулинг турының 4-кезеңі өтті, — деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Боулингтен өткен сайысқа өңірден, Алматыдан және Астана мен Шымкенттен 46 ойыншы қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыл сайын боулинг турнирінің 8-9 кезеңі өтіп тұрады. Биылғы 4-кезең Атырауда өтіп отыр. Сайыстың қорытындысы бойынша үшінші орынды алматылық Евгений Кузнецов иеленсе, екінші орын атыраулық Тілек Омарға бұйырды. Ал турнирде Астанадан келген Қайрат Байболатов жеңіске жетті.

«Қазақстандағы боулингті дамыту мақсатында біз өңірлерді аралап, жарыстар ұйымдастыруды қолға алып жатырмыз. Осыған дейін жарыстар тек Алматыда өтіп келген болатын. Елімізде боулинг ойыны қарқынды дамып келеді. 16-17 тамыз күндері Алматыда боулингтен Қазақстан Республикасының кубогы үшін жарыс өткіземіз», — дейді Қазақстан боулинг федерациясының призеденті Юрий Тілеумұратов.

Хабарлай кетейік, 18 тамыз күні ҚР Мәдениет және спорт министірлігінің қолдауымен боулингтен Қазақстан құрамасы Индонезияда өтетін Азия ойындарына қатысады.