Алғашқы қадамдар

Америкадан қайтып келгенде, ғылыми жұмыстармен айналысуды жоспарладым. Өкінішке орай, бұнда мен іздеген орта жоқ екен. Сосын Samsung компаниясына жұмысқа тұрдым. 2 жыл істедім. Жұмыс өте қиын, аптасына 80-100 сағаттық жұмыс графигі болды.

Алмас Кебекбаев
© szh.kz

Өзім Шымкент қаласының тумасымын. Алматыда пәтер жалдап тұрдым. Жұмыстың көптігі сонша, кейде үй жинауға уақыт бөле алмайтынмын. Сол себепті біреуді шақырып, ақшасын беріп, үй тазалатып алмақ болдым. Алайда, сенімді адам табу қиын болды. Olx.kz, Market.kz сайттарынан іздедім, бірнеше клинингтік компанияларға хабарластым. Бәрінің не бағасы қымбат, не қызметкерлері сенімсіз болды. Одан қалса, пәтерімнің ауданы қанша шаршы метр болатынын сұрайды. Мен оны қайдан білейін, жалдап тұрдым ғой. Әйтеуір бір бөлмелі пәтер, 50 шаршы метрден аспайтынын айтамын. Сол кезде тазалық қызметін ұсынатын сапалы компания жоқ екеніне көзім жетті. Әріптесім Константин Лиммен ақылдасып, осы орынды толтыруға бел байладық. Бұл 2015 жылдың қазан айы еді.

Нарықты зерттедік. Ресейдің, Америка, Еуропаның клинингтік компанияларын бақыладық. Соларға қарап жоспарымызды сыздық. Бәрін нөлден бастадық. Сайтты мен өзім жасадым. Доменіміз ол кезде TOP.kz емес, басқа болатын. Барлығы 10 мың теңгедей болды. Біздің қолымызда Константин екеуіміздің еңбекақыларымыз ғана бар еді. Көлемі 200 мың теңгедей ғана. Сайт жасалған соң, адамдар хабарласа бастады. Ол кезде Константин екеуімізден басқа ешкім жоқ еді. Ақырындап қызметкерлер алдық. Сосын инвестиция іздедік. Себебі тез даму үшін көлемді қаражат керек. Жарнама, бухгалтерия, қызметкерлердің еңбекақысы, кеңсе жалдау бар дегендей… Ивесторларды Мәскеуден таптық. Бірден мақсатымызды, оларға тигізетін пайдасын, өзімізге керегін айттық. Бірден келісті. Мүмкін жақсы дайындалған болармыз (күлді).

Алғашқы қызметкерлер

Top.kz-ке 4 мыңдай адам жұмысқа тұруға ұсыныс білдірді. Алайда, біздің статистикамыз бойынша олардың тек 3%-ы ғана жұмысқа тұрады. Сондықтан сенімді адамдарды іздедік. Оларды үш кезеңнен тұратын комплексті іріктеуден өткіздік. Іріктеудің психометрикалық матрицасын Мәскеудегі әріптестерімізбен бірге ойластырғанбыз.

Клинингтік компания алматы, тазалық шеберлері
top.kz

Сондай-ақ, үміткерлерді арнайы органдар арқылы сотты болмағанын, заң бұзушылығы жоқ екенін тексердік.

Қазіргі уақытта компанияда 50 адам жұмыс істейді. Негізгі бөлігі – әйел адамдар. Жігіттер де бар. Біз ешкімді алаламаймыз. Мен оларды тазалық шеберлері деп атаймын.

Қызметкерлеріміздің орташа еңбекақысы 150 мың теңге. Көлемі KPI бойынша есептеліп, бонустар алып отырады. Егер олар басқа клинингтік компанияларда жұмыс істейтін болса, айына 60-70 мың теңге ғана алар еді. Бізде екі еселенген еңбекақы. Алайда, қызмет құны басқа компаниялардан төмен. Әрине, мен Olx.kz-тегі Таня тәтенің ұсынған бағасына ештеңе дей алмаймын. Біздің сервисті ол кісінікімен салыстыруға да болмайды.

Алғашқы клиенттер

Алмас Кебекбаев
© szh.kz

Алғашқы клиенттеріміз достарымыз бен туысқандарымыз болды. Олар «Не істеп жүрсіңдер? Неге істеп жүрсіңдер?» — деп сұрайтын. Кейін интернеттен тапсырыстар түсе бастады. Қазір Google-дан «Клинингтік компания Алматы» деп іздесе, біз шығамыз.

Басында тапсырыс аз болса, кейін келе, оны орындауға қызметкерлеріміз жетпейтіндей жағдайға жеттік. Тіпті Константин екеуіміз де пәтер тазалауға барған кезіміз болды. Біз үй жинап жүрсек, адамдар біртүрлі қарайтын. «Неге жап-жас жігіттер үй жинап жүр? Сендерде бәрі жақсы ма?», — деп сұрайтын. Біз болсақ, «Сіздің тапсырысыңызды қайтармау үшін, басшылық өзі келіп, үйіңізді тазалап жатыр», -дейміз (күлді).

Біз пәтерде болған кезде ондағы мүлікке жауапты боламыз. Сондықтан тұтынушыларымызға «Лондон – Алматы » компаниясы арқылы сақтандыру ұсындық. Құны 5 млн теңге. Бұндай қызмет басқа клинингтік компанияларда жоқ.

Алмас Кебекбаев
© szh.kz
Алмас Кебекбаев
© szh.kz

Клиенттеріміздің 70%-ы жас келіншектер. Аяғы ауыр әйелдер де бар. Біз оларға қамқорлық танытуға тырысамыз. Өзіміз хабарласып, тағы қандай қызмет ұсына аламыз, нені түзетуіміз керек екенін сұрап отырамыз. Бізді ерекшелендіретіні де осы шығар.

Бір таң қаларлығы, бізге үй шаруасындағы әйел адамдар да тапсырыс береді.

Қызмет құны

Тазалық жасау бағасы пәтердегі жатын және жуынатын бөлмелердің санына байланысты. Біз бағасын шаршы метрмен есептемейміз. Бәрін оңтайландырдық. Бір бөлмеді пәтерге тазалық жүргізу 5 мың теңге тұрады. Бұл минималды баға. Ары қарай үйдің үлкендігіне байланысты өсіп отырады. Осы күнге дейін жасаған ең көлемді жұмысымыздың құны 300 мың теңге болды. Бұл коттедж еді.

Алғашында B2C жұмыс істесек, осы жылдың ақпан айынан бастап, B2B қызметін қостық. Енді қонақ үйлер, сауда орталықтарымен де жұмыс істейміз. Осының арқасында Қазақстандық нарықтағы клинингтік компаниялардың үздік үштігіне кірдік.

Жұмыс барысы

Алмас Кебекбаев
© szh.kz

Тапсырыстар сайт пен Call center арқылы қабылданады. 3-5 минут аралығында тіркеледі. 2 сағаттың ішінде бекітілген жерге барамыз.

Біз клиенттеріміздің көңілінен шығуға тырысамыз. Алайда, тұтынушылар әр түрлі болады. Соған арналған қауіпсіздік техникасы бар. Мысалы, клиенттерімізге қызметкерлеріміздің сыртынан есігін кілттеп кетуге тыйым салынады. Мүмкін өрт шығар, газ бар, жер сілкінуі мүмкін… Сондай-ақ, ең соңғы шебер жұмысын аяқтап, үйіне жеткенге дейін арнайы Call center жұмыс істейді. Біз қызметкерлеріміздің қауіпсіздігіне қатты алаңдаймыз.

«Біздің сервис – қонақ үй бизнесінен келген мамандар»

Алмас Кебекбаев
© szh.kz

Біздің жұмыс істеу технологиямыз, қызмет көрсетуіміз ерекше. Біз барлығына стандарттан тыс қарауға тырысамыз. Қызметкерлерімізге арнайы тренингтер ұйымдастырамыз. Бұл біздің бәсекелестерімізде жоқ.

Бізде housekeeping саласында 25 жылдық тәжірибесі бар маман жұмыс істейді. Біздің сервис – қонақ үй бизнесінен келген мамандар. Сондықтан біз үйлерге тазалық жүргізгенде әр детальді қонақ үйдегі стандарт бойынша жинаймыз. Мәселен, орамалдарды қонақ үйлердегідей ораймыз. Бұл тек Ritz Carlton қонақ үйлерінде ғана бар. Мұны өзге клинингтік компаниялар істемейді.

Үшіншіден, бізге тапсырысты ғана емес, ақысын да онлайн төлеуге болады. Онлайн төлеу қазір Ресейдің клинингтік компанияларында ғана бар болар. Біздің елдегілерде ондай жоқ.

Бұған қоса, біз Қазақстанда рекурренттік төлемді енгізген компаниялардың алғашқысымыз. Рекурренттік төлем дегеніміз — банк картасының реквизиттерін бір рет қана енгізетін төлем жүйесі.

Егер сіз карта реквизитін бір рет енгізіп, төлем жасасаңыз, бұл мәлімет сіздің жеке кабинетіңізде сақталып қалады. Келесі төлем үшін қайтадан мәлімет енгізудің қажеті жоқ. Алайда, ол мәліметтерді біз сақтамаймыз. Оны банк сақтайды.

Бұл банктердің клинингтік компанияларға осындай мүмкіндік берген бірінші жағдайы. Біз «КазКом» банкінің директорымен сөйлескенде, ол клинингтік компанияның рекуренттік төлем сұрап отырғанына таң қалғанын айтты. Бұндай төлемді Қазақстанда ешкім білмейді. Ал біз оларға келіп, рекуренттік төлем жасайтын жоғары технологияларымыз бар дедік (күліп). Біздің осы төлемді дамытқымыз келеді.

Күндердің күнінде барлық төлем онлайн түрде жасалатын болады. Бұл өте жақсы болар еді. Себебі, бизнеске тазалық береді. Қазір ол жағы ақсап тұр. Біреулер Olx.kz-ке хабарландыру салып қойып, жұмысын істеп, ақшасын қалтасына басып отыр. Ол мемлекетке салық төлемейді. Біз төлейміз.

«Бизнестен үйренгендерім…»

Алмас Кебекбаев
© szh.kz

Бұл бизнес маған көп нәрсе үйретті. Біз TOP.kz-ке дейін тек сайттар мен мобильді қосымшалар жасап келдік. Ол кезде «Неге адамдар бизнес ашпайды? Бұл деген оңай ғой» деп ойлайтынбыз. Шынында, бизнесті ашу, қалыптастыру – ең қиын шаруа екен. Сіз өзіңіз бухгалтер, өзіңіз бағдарламалаушы, тазалық жүргізуші, қоңырауларға жауап беруші, кері байланыс жасаушы боласыз… 24 сағат 7 күн бойы жұмыс туралы ойлап жүресіз.

Демек, бұл бизнес маған бір нәрсені жасауды және оған алаңдауды үйретті. Осы бизнестің арқасында басқаруды үйрендім. Өзіңіз ойлап қараңызшы, менің 50 қызметкерім бар. Бұған дейін мен көп дегенде 2 адамға ғана басшылық жасап көргенмін. Қазір 50! Мен оларды дұрыс ұйымдастырып, қажетті кезінде жігерлендіріп отыруым керек. Компания ұлғайған сайын, оны басқару да күрделене түседі. Сондықтан өзіңізді, қызметкерлеріңізді жетілдіріп отыруыңыз керек. Егер қызметкерлердің деңгейі өспесе, компания да өспейді.

Lean тәсілі

Өзімді жетілдіріп отыру үшін осы салада бұрыннан істеп келе жатқан адамдармен сұхбаттасып тұрамын. Олардың белгілі бір мәселелерін қалай шешетінін, өздерін қалай жетілдіретінін білу – мен үшін сабақ. Сонымен бірге күн сайын ұйықтар алдында аз дегенде 10 минуттай кітап немесе мақала оқимын. Көп жағдайда ол батыстық авторлардың кітаптары. Мен олардан Lean тәсілін үйрендім. Бұл тәсілдің тиімділігі көп. Сіз бір нәрсе жасайсыз. Басында ол қарапайым болады. Оны сынап көресіз, қалай жұмыс істейтінін бақылайсыз. Оған тұтынушыларыңыз қандай реакция беретінін көресіз. Олар сізге «Мынау керемет екен. Мынадай нәрселер жетіспейді»,-деп пікірін айтады. Осылайша сіз байқап көру арқылы спиральдің бойымен өніміңізді жетілдіре түсесіз. Алғашқы кезде біздің де сайтымыз тым қарапайым болды. Кейін тұтынушылардың тілектеріне орай жетілдіріп отырдық. Қазір де жаңа қызмет түрлерін ойластырып жатырмыз. Енді кілтті жеткізу қызметін қосуды жоспарлар отырмыз. Мысалы, тұтынушы біз тазалық жұмысын бітіруімізді күтіп тұрмай, жұмыстарымен кете береді. Кейін біздің қызметкер оған кілтті жеткізіп береді. Біз оны әлі енгізбедік. Алайда, сынақтан өткізіп жатырмыз.

Алмас Кебекбаев
© szh.kz

Lean тәсілін Кремний алаңындағы барлық start-upper қолданады. Бұл бағдарламалаушылардан келген әдіс. Олар өнімдерін солай үздіксіз жаңартып отырады. Біз осы тәсілді клинингке алып келдік. Алғашқыда көбі оны түсінген жоқ. «Не болып жатыр?», «Неге?», «Біз бұның неге апаратынын білмейміз» дейтіндер болды. Оларға айтарым, біз не болатынын ешқашан нақты анықтай алмаймыз. Алайда, осы байқап көру мен сәтсіздіктер, жеңістер арқылы дамимыз, соңында әйтеуір бір жетістікке жетеміз.

Мен қазір сенімді түрде айта аламын. Біз алдағы 1-2 ай көлемінде Алматы және Астана қалаларындағы номері бірінші клинингтік компания боламыз. Себебі біз қарқынды түрде дамып келеміз. Құрылғанымызға бар-жоғы 9 ай болғанда ақша айналымы 100 есленіп, өсті. Бұрын біз аптасына 100 мыңдай тапқан болақ, қазір миллиондаған қаржы айналымы бар. Алайда қазір TOPFOOD деген тағы бір компанияның негізін қалап жатқандықтан, табыстың бәрі соған бағытталып жатыр.

TOPFOOD.kz – «өлмейтін» бизнес

Алмас Кебекбаев
© szh.kz

Біз TOP.kz- ті ашқанда тек клинингтік жұмыстар жасауды жоспарлаған жоқпыз. Жоспарымыз TOP-Holding ашу. Оған бірнеше компаниялар кіреді. Алғашында TOP.kz-пен бірге химиялық тазалау қызметін ұсынбақ болдық. Тұтынушылар арнайы қосымшалар арқылы киімін суретке түсіріп, бізге жібереді. Біз барып, алып кетеміз. Алайда, Қазақстандағы экономикалық жағдайды, дағдарысты ескере отырып, химиялық тазалаудың тиімді бизнес емес екенін түсіндік.

Ойлана келе, қандай дағдарыс болмасын «өлмейтін» бизнес іздедік. Адамдар қандай жағдай болса да, тамақтанады. Сіз бәрібір картоп сатып аласыз, бәрібір нан сатып аласыз. Біз, әрине, ресторан аша алмаймыз – ресторатор емеспіз. Бізде өте жақсы дамыған логистика бар. Одан да сапалы азық-түлікті сатып алайық та, соны көк базардағы бағамен үйлерге жеткізумен айналысайық деп шештік. Экономикасын есептеп көрдік. Жаман емес. Осылайша бастап кеттік. Алғашқы азық-түлікті жеткізген соң, ол туралы жай ғана қарапайым жазба жарияладық. 2 күнде landing сайт жасадық. Ол жерде тапсырыс беріп, мекен-жайды ғана көрсетесіз, болды. Біз кері хабарласамыз. Ары қарай тапсырыстар түсе бастады. Біз тіпті жарнама да бермедік (күлді). Адамдар өздері тауып алды. Ал жарнама беріп бастағанымызда клиенттер көбейе түсті. Бұл жерден бизнес жасауға болатынын түсіндік те, TOP.kz-тегі web бағдарламалаушыларды TOPFOOD.kz-ке ауыстырдық. Қазір клиенттерге сайттан жеке кабинет жасап жатырмыз, мобильді қосымшаларды дайындап қойдық.

TОP.kz маркетингі жолға қойылған, оған деген сұраныс бар. Бәрі тазалық жұмыстарын жасау керек екенін біледі. Бірақ сіз өзіңіздің орныңызға азық-түлікті үйіңізге әкеліп беретін қызметтің бар екенін білмейсіз. Өзіңіз дүкенге барып, сатып аласыз. TOPFOOD.kz үшін адамдарды оффлайннан онлайнға өтуге үйрету керек болды.

Біз қазір дүкендер ашуды жоспарлап жатырмыз. Ол жерде арнайы планшеттер болады. Сол арқылы адамдар тапсырыс бере алады. Қайсы тиімді екенін өзіңіз салыстырып көріңіз. Сіз өзіңіз барып дүкеннен азық-түлік сатып аласыз немесе үйден шықпай-ақ сол ақшаға әдемі қораптарға салынған, сапалы, балғын азық-түлікті үйіңізге алдырасыз.

«Клиент сайттан нені көрсе, дәл сол өнімді сатып алады»

Алмас Кебекбаев
© szh.kz

TOPFOOD.kz-тің артықшылығы – біз фермерлермен жұмыс істейміз. ОҚО, Жетісайда, Леңгірде фермерлер өте көп. Алайда, олардың өнімдерін «Магнум» сатып алмайды. Ал біз соларға жүгінеміз. Бізде қазір Сарыағаштан, Жетісайдан келген фермерлер бар. Олардың қызметі – күн сайын сондай фермерлерді іздеп тауып, ай сайын сонда барып, танысып тұру. Өнімдерін суретке түсіреді, егін алқабының жағдайымен танысады. Бұның бәрі сайтқа салынған. Бұл біздің тұтынушыларымыз үшін істеледі. Олар азық-түлікті кімнен алып жатқынан білуі керек. Мысалы, Жетісайда қырыққабат өсіретін бір ата бар. Оның өз қырыққабаттарын қандай махаббатпен өсіретінін көрсеңіз ғой! Бүгін бір фермер өзінің өсіретін қауындарының суретін жіберді. (Суретін көрсетті). Сайттағы барлық суреттер сіздің қолыңызға жеткізілетін тауарлардың суреттері, интернеттен алынған суреттер емес. Яғни тұтынушы сайттан нені көрсе, дәл сол өнімді сатып алады.

Алмас Кебекбаев
© szh.kz

Әрине, біздің елде өспейтін азық-түліктер де бар. Мен авакадоны, руккола көкөнісін Қазақстаннан ала алмаймын. Сондықтан ондай өнімдерді дистрибьюторлардан алуға тура келеді. Рукколаны Қазақстанда неге өсірмейтініне таң қаламын. Ол тамаққа дәмдеуіш ретінде қолданылатын қарапайым жасыл көкөніс (күлді). Амалсыздан оны Израильден алдырамыз.

Менің «Растишка», «Актимель» өнімдерін сатқым келмейді. Мен үйдің айранын сатамын. Бір жеткізушім Канададан ірі қара мал алып келді. Мен соның сүт өнімдерін аламын. Солайша оның да дамуына көмектесемін.

Жоспарлар мен мақсаттар

Алмас Кебекбаев
© szh.kz

Егер жалпы айтатын болсам, бізідң компаниялардың миссиясы – біздің тұтынушыларымызға қамқорлық таныту. Аналарға, әйел адамдарға, бойдақтарға – бәріне тазалығын жасап береміз, азық-түлігін жеткізіп береміз. Оның бәрі қамқорлық. Осыдан біздің жоспарлармыз, стратегияларымыз құрылады.

Менің ойымша TOP.kz бір күні Казақстандағы ең үлкен клинингтік компанияға айналады. Ол соған бара жатыр. Одан кейін оны кеңейте түсеміз. Ең бірінші Ресейдің қалаларынан бастаймыз. Маған Қазан қаласы қатты ұнайды. Жиі барып тұру үшін, сол жақтан ашсам деймін (күліп). Қазан тұрғындарының менталитеті бізге қатты ұқсайды.

Одан кейін орталық шығыс елдері: Дубай, Сауд Арабиясы, Бахрень, Катар… Бұлар әрине алыстағы мақсаттар. Бұның бәрі Қазақстандық нарықты жаулап алғаннан кейін жүзеге асады.

Қазір Астана мен Алматыда қызмет көрсетеміз. Себебі бұл қалаларда орта тап қалыптасқан. Бассқа қалаларда тұрғындарының әлеуметтік жағдайы әрқилы. Біреуі тым бай, келесісінің жағдайы орташадан төмен. Қазір TOP.kz-ті Атырауға апаруды ойластырып жатырмыз. Себебі ол жақта шетелдік компаниялар көп. Солармен жұмыс істегіміз келеді.

АҚШ vs Қазақстан

Алмас Кебекбаев
© szh.kz

Мен танитын start-up иелерінің басым көпшілігі батыс елдерінде оқып, тәжірибеден өтіп келген. Ол жаққа бармағандар болса да, өз кәсібінде батыстық технологияны, тәсілді қолданып жүр.

АҚШ-та бизнес жүргізу оңайырақ. Ол жақта адамдардың түсінігі, танымы бөлек. Сондықтан команда да басқаша. Бір тапсырманы берсеңіз, қызметкеріңіз сізді бірден түсініп, істің барлық қиыншылықтарын өзі шешіп, сізге нәтижесін бірақ айтады. Қазақстанда олай емес. Бізде тапсырманы бірінші дұрыстап түсіндіру керек. Кейін бақылап, тексеріп отыру қажет. Тіпті кейде (столды ұрып) ұрсу керек болады. Басты айырмашылығы – кадр мәселесі. Мүмкін біздегі нарықтың жағдайы сондай шығар…

АҚШ-та бизесті бастау да оңай. Ол жақта start-up бастауға 2 күндей ғана уақыт кетеді. Ал біз Қазақстанда осы жобамызды қолға алғанда түрлі ХҚКО сынды бюрократиялардан өтіп, ұзақ жүрдік. Мүмкін қазір оңай шығар. Себебі «Даму», «Атамекен» сынды қорлар бар. Мен egov.kz арқылы онлайн тіркелуден өтуге болатынын білмедім. Менің басты қателігім осы.

Must do

  1. Команданы іріктеу. Ол сіздің екінші отбасыңыз. Егер біреуі жұмысына салғырт қарайтын болса, жұмыстан шығару керек. Себебі ол басқа қызметкерлердің жұмысына әсер етеді .
  2. Үнемі жетілдіру. Бір нәрсе жасадыңыз ба? Тексеріңіз. Егер өлшеп, тексеріп отырмасаңыз, қай бағытта дамып бара жатқаныңызды білмей қаласыз. Кейбіреулер сайтты «Әйтеуір менде болсын» деп жасайды. Олай дұрыс емес. Сайт сіздің 20% жұмысыңызды атқарады. Оны да жетілдіру керек.
  3. Бухгалтерияңызды бақылауда ұстаңыз. Бірінші күннен бастап. Ары қарай оны басқару қиын болып кетеді.
  4. Жоспарлап үйреніңіз. Мен басында жоспарлай алмайтын едім. Бір айтарым, «To do» кестесі жұмыс істемейді. Бірден айтайын (күліп). Жаңылысып кетесіз. Мен ондайдың күніне жиырмасын жазатынмын. Бітіріп үлгермей қаламын. Сондықтан оның орнына уақытты «өлтірумен» жұмыс істеймін. Мысалы, 3 сағатты белгілеп қоямын да, сол уақыт аралығында тек қана маркетингпен айналысамын.

Mustn’t do

Ұзақ ойланбаңыз. Менің қателігім – ұзақ ойланғандығымда. Ақыладасамын деп көп уақыт жоғалттым. Сондықтан идея келді ме? Істеу керек. Ұйықтап жатқан жеріңізде жаңа идея туындады ма? Жазып қойыңыз да, таңертең қолға алыңыз.

Алмастың 1 күні

Таңертең күнді жоспарлаудан бастаймын. Алғашқы 1 сағат соған кетеді. Әркімнің жұмыстарын бөліп беремін. Сосын поштамды қараймын. Сатылым, маркетинг мәліметтерін тексеремін.

Ары қарай күнделікті тірлік басталады. Тұтынушылар шағым айтса, хабарласып, кешірім сұраймын. Біреу жағымды пікір айтса, журналист біз туралы жазса, алғыс білдіремін. Адамдармен жұмыс істеймін. Бухгалтерия, клининг, food бар… Қарбалас тірлікпен кеш те батады.

Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт, суреттер Балжан Балташева

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!