Алматыда құтқарушылар тауда адасып кеткен 8 адамды құтқарды.
ҚР ІІМ ТЖК республикалық жедел құтқару жасағы өткен демалыста екі құтқару операциясын жүргізді.
«Жексенбі күні сағат 18.38-де туристер тобының таудан өз бетінше түсе алмай жатқаны туралы шұғыл хабарлама түсті. Бес адамның бірі бала екен. Саяхатшылар Үлкен Алматы көліне Алешкин көпірі арқылы оң жақ қапталмен көтерілген. Өзен бойымен шамамен 1,5 сағаттай жүріп отырып, шекара постының тұсынан шыққан. Көліктерін ғарыш станциясының қасында қалдырған. Жағдайды кезекші пультіне адасқандардың бірі хабарласып айтты», — деді баспасөз қызметі өкілдері.
Оқиға орнына аттанған 5 сарбаздан тұратын жасақ адасқандарды бірден тауып алды. Олардың ешқайсысына медициналық көмек қажет болған жоқ. Сол күні Жедел құтқару жасағы Көкжайлау шатқалында адасып кеткен тағы 3 әйелді құтқарды.
«Жаяу шыққан әйелдер қайтар жолды таба алмай қалған. 5 минутта оқиға орнына шыққан құтқарушылар итпен із кесу арқылы адасқан әйелдерді тауып алды. Құтқарушылар оларды машинаға дейін дін аман жеткізді. Олардың бірі аяғын қайырып алған екен. Жарақат алған әйелге медициналық көмек көрсетілді», — деді РЖҚЖ құтқарушылары.
Құтқарушылар тауға шыққанда барынша абай болуды ескертеді.
«Жақындарыңызға маршрутыңызды хабарлап кетіңіз. Сонымен қатар өзіңізбен бірге GPS-навигаторы бар байланыс құралын ала жүрген жөн. Осы екі жағдайда да туристер хабарласу мүмкіндігінің арқасында аман қалды», — деді Республикалық жедел құтқару жасағының мамандары.