«Хайпоны» құру туралы идея достардың әңгімелесуінен туды. Ол кезде әрқайсымыз әр жерде жұмыс істеп жүрдік. Мен қызметкерлерді таңдау индустриясында істейтінмін. Сондықтан еңбек нарығының заңдылықтарын жақсы түсінемін. Сол достар арасындағы әңгімеде әлеуметтік мәселелерді талқылап отырып, еліміздегі жұмыссыздық деңгейі туралы мәселені сөз еттік. Неге кейбір адамдар жақсы жұмысқа тұрып кетеді, кейбіреуі әлі жұмыссыз? Неге бір компания табысты, келесісі неге сәтсіздікке ұшырап жатыр? Олардың таразысын теңестіру үшін не істеу керек? Осы сұрақтарға жауап іздедік. Әңгіме барысында бәріміздің ойымыз бір жерден шығып, осы олқылықтың орнын неге толтырмасқа деген ой келді. Осылайша бәріміздің қабілеттеріміз бір арнаға тоғысып, істі қолға алдық. Кейін командамызға Асхат Мырзабаев келді. Ол АҚШ-та, Кремний алаңында әйгілі Twitter-де жұмыс істеген азамат. Асхат жобаның IT саласына көп еңбек сіңірді. Қазіргі таңда компаниялардағы маркетингті жетілдіруге арналған бірнеше технология бар, бірақ HR техникалық тұрғыда ондай бай емес. Десек те қазір технологияның заманы, бұрын қолмен істелген істерді енді компьютерге аудару керек. Себебі адамдар үшін біраз істі машиналар істейді. Қызметкерді таңдау саласы да бұл прогресстен тыс қалған жоқ. Осылайша біздің қызығушылықтарымыз нарық сұранысына сай келіп, нәтижесінде HIPO дүниеге келді.
Компания атауының су сиырларға еш қатысы жоқ (күлді). Бұл HR-дағы High potential деген термин сөздің қысқарған нұсқасы. Мағынасы өзінің қарым-қабілетінің арқасында команданың лидері бола алатын, «Жоғары потенциалды адам» дегенді білдіреді.
Алғашында идеямыз бар, бірақ істі неден және қалай бастайтынымызды білмедік. Себебі, біздің ешқайсымыздың кәсіпкерліктен хабарымыз жоқ еді. Start-up жасауда тәжірибеміз болмады. Жоспарларымыз болды, алайда оның қайсын бірінші қолға аларымызды түсінбедік. Ең алғашқы соқтыққан қиындығымыз осы болды. Бизнесті қалай ашу керектігі жөнінде мәселе туындаған жоқ. Себебі ол өте қарапайым, әрі оңай болатын. Ал, өздері басқарып көрмеген адамдарға компанияның тізгінін ұстауға дағдылану да күрделі болады екен.
«Алғашқы жеңіс алғашқы кездесуде отырғандай әсер сыйлады»
Ең алғашқы жеңісіміз – командамызға бағдарламалаушы маман алған сәт. Себебі ол біздің ең алғашқы қызметкеріміз еді. Бәрі дәл сол күнгідей есімде. Оны қалай әңгімелесуге шақырғанымыз, жұмысқа алғанымыз… Ол бұрын-соңды Start-up жобаларына қосылып көрмегендіктен толқыды, ол біздің жұмысқа алып отырған алғашқы қызметкеріміз болғандықтан біз де толқыдық. Алғашқы кездесуде отырғандай әсерде болдық (күлді). Бұл сөзсіз жеңіс еді. Себебі біз онымен қызығушылықтарымыздың бір екенін, мақсаттарымыздың сәйкес келетінін түсіндік. Әрине одан кейін де бірнеше адамды жұмысқа қабылдадық. Ары қарай үйреншікті болып кетті.
2014 жылдың қараша айында жобаның тесттік нұсқасын іске қосқанда тағы бір үлкен жеңіске жеткендей болдық. Ол кезде біздің дизайнымыз да тартымды емес еді, себебі басында қарапайым беттеушімен жұмыс істедік. Білесіз бе, бірақ ойымыз жүзеге асты! Жұмыс істеді. Сараптаманы қарап, бір-бірімізге «Қара, қара, сайтта бір адам отыр!»- деп қуанатынбыз (жымиды).
Өзіміздің алғашқы капиталымыз жобаны талқылау кезінде шәй мен түрлі тәттілер алуға кетті (күлді). Кейін, әрине, қомақты қаражат құятын инвестор іздеп таптық.
Жұмыс берушінің бренді
Қазір бүкіл әлемде жұмыс берушінің бренді деген тренд пайда болды. Енді компанияларды тек белгілі бір қызметті көрсетуші немесе белгілі бір өнімді өндіруші ретінде ғана ұсынуға болмайды. Біз әрқайсымыз өзіміздің қолданатын өнімді, оны кім өндіретінін білеміз. Алайда, ол компанияда жұмыс істеудің қандай болатынын білмейміз. Мысалы, бір наубайхана өнімінің келесі наубайханадан айырмашылығы неде? Егер сізге екеуінің біреуін ғана таңдау керек болса, неге біріншісін таңдайсыз? Немесе, керісінше? Бұл компанияның өзін жұмыс беруші ретінде ұсыну тәсіліне байланысты. Бұл не үшін істеледі?
Біріншіден, компания өзінің ішкі мәдениетін қоғамға ашып көрсететін болса, оның нарықтағы орны ерекшелене түседі. Себебі адамдар ол туралы бір-біріне айтып, қоғамда сол туралы пікір қалыптастырады.
Екіншіден, егер компания өзінің адамдарға қалай қарым-қатынас жасайтынын жарияласа, демек оны шынымен де іске асыруы керек. Бұл қызметкерлердің адал болуын қамтамасыз етеді. Яғни сіз қызметкерлеріңіздің жағдайын жасап, тапсырмамен оның еңсесін басып тастамай, керісінше жігерлендіріп отыратын болсаңыз, олар да сізге беріле түседі.
Нарықта неше түрлі компаниялар бар, бірақ олар туралы адамдар еш нәрсе білмейді. Егер ештеңе білмесе, адамдарға қайда жұмыс істейтіні маңызды емес. Бұл дұрыс емес. Жұмыс істейтін компанияны таңдау өте маңызды болуы тиіс. Себебі, сіз ол жерде 8 сағат жұмыс істеп, күніңіздің үштен бір бөлігін өткізесіз. Онсыз да оның бір бөлігі ұйқыға, енді бір бөлігі жұмысқа барып-қайту мен тамақтануға кетеді. Сондықтан адамдар күнінің негізгі бөлігін өткізуге лайықты жұмыс орындарын іздеуі тиіс. Ол үшін компаниялар қоғамға өздері туралы көбірек ақпарат беруі керек. Мамандар оларды еңбек ақысының көлеміне, бос жұмыс орнына қарай емес, шынымен де сол жерде жұмыс істеуді қалағандықтан таңдауы керек.
Әлемде generation «Y» деген ұғым бар. Олар өздерін таңдағанға емес, өздері таңдап үйренген. Бұл ұрпақ қазір мектептерде оқып жүр. Олардың танымдары біздікінен бөлектеу. Осы «Y» ұрпағына компанияның қандай екенін, қандай мүмкіндіктері мен артықшылықтары бар екенін түсіндіру – жұмыс берушінің бренді.
Сондықтан «Хайпоны» құрғанда, компаниялардан тек бос жұмыс орындары туралы ақпарат емес, олардың ішкі корпоративтік мәдениеті туралы да сұрадық. Себебі, қазіргі адамдар жұмыстан бұрын жақсы мүмкіндік іздейді. Мысалы, тұрақты жұмысы бар білікті маманға басқа компаниялардағы бос орындарды қараудың қажеті қанша? Ол басқа компанияларға тек мүмкіндігі көп, ішкі командалық рухы берік екенін білсе ғана қызығушылық танытады.
Біздің қолданушыларымыз шынымен де өзін-өзі жетілдіріп, нарықта не болып жатқанын біліп отырғысы келеді, өзінің жұмыс істейтін жерінің ішкі «асханасын» білгісі келеді. Сондықтан біз компанияларға жұмыс беруші ретінде бренд болып қалыптасуды ұсынамыз. Олардың ішкі мәдениеті, қызметкерлеріне жасаған жағдайы, ұсынатын мүмкіндіктері туралы түрлі сұхбаттар жасап, ақпараттар таратамыз. Осылайша мамандандырылған сапалы контент жасағымыз келеді. Біз үшін сапалы контент дегеніміз – компаниялардың жұмыс беруші ретіндегі брендін қалыптастыру, дамыту.
Мен бала кезімде «Танграм» деген қытайлық бас қатырғышты ойнағанды жақсы көретінмін. Онда бірнеше үшбұрыш, трапеция, шаршы деген сияқты белгілі бір пішіндер болады. Солардан түрлі жануарларды, адамдарды құрастырып шығару керек. Бұл да бір компаниялар сияқты. Бәрінде бірдей адамдар, олардың мүмкіндіктері де бірдей. Алайда, сол бірдей адамдардан әртүрлі компаниялар құрып, әрқилы өнімдер өндіруге болады. Біздің жұмысымыздың мәні де осында. Егер әр элемент өз орнында тұрса, одан берік пішін шығатыны сияқты, әр маман өзінің қабілетіне сай орнында тұрса, компания озық болады. HIPO философиясының мәні осында.
HIPO қалай жұмыс істейді?
«Хайпоны» қолдану үшін сіз, ең алдымен, қолданушы немесе компания ретінде тіркелуіңіз керек. Тіркелгеннен кейін сіздің жеке менеджеріңізді бекітеміз. Сіз онымен бірлесе отырып, алғашқы ақпараттарыңызды реттейсіз. Содан кейін өзіңіздің бос жұмыс орны туралы хабарландыруыңызды немесе өз түйіндемеңізді енгізе аласыз.
Бізде тіркелу, вакансияларды, түйіндемені жариялау сынды базалық қызметтер тегін. Егер сіз өзіңіздің талаптарыңызға сай мамандар мен компанияларды табуға менеджерлер көмектескенін қаласаңыз, ақылы деңгейге өтесіз. Бұл деңгейде біздің мамандар сіздің хабарландыруыңыздың қолданушылар назарына ілігуін қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, сіз еңбек нарығында өз орныңызды айқындап, жұмыс беруші ретінде бренд болып қалыптасқыңыз келсе, бұл іске біздің арнайы мамандарымыз жұмылдырылады. Бұл да ақылы. «Хайподағы» ақша айналымы осылай жүріп отырады.
Қазіргі уақытта порталда 1 мың 500-ге жуық бос жұмыс орындары туралы хабарландыру бар. Біз белгілі бір компаниялармен ғана жұмыс істейміз. Барлығымен бірдей емес. Неге? Себебі жұмыс беруші компаниялар біздің жұмыс істеп отырған аудиториямызды қалыптастырады. Егер бәрімен бірдей жұмыс істейтін болсақ, аудиториямыздың сапасы нашарлап кетер еді. Біз осы деңгейді ұстап отыруға тырысамыз. Сондықтан күніне 50-500 вакансияны жариялап отырамыз. Ал, жұмыс іздеушілерге келер болсақ, күніне 100-500 адамнан түйіндеме түседі.
Бір мезгілде бірнеше компаниялардан ұсыныстар түсетін сұраныстағы мамандар болады. Ал келесі маманға ешкім еш жерден қызмет ұсынбайды. Біздің мақсатымыз – адамдарды жұмысқа не үшін қабылдап, қандай себеппен қабылдамайтынын түсіну, түсіндіру.
«Ең бірінші құндылығымыз – командамыз»
«Хайпода» жұмыс істеу үшін білікті маман болу жеткіліксіз, бізге келген маман біздің құндылықтарымызды бағалауы керек. Ең бірінші құндылығымыз – ол, әрине, командамыз. Біз біртұтас ағза сияқтымыз. Бірге өсеміз, бірге үйренеміз. Компанияның дамуына, жетістігіне, жеңілісіне бәріміз де жауаптымыз. Сондықтан біздің мамандар тез үйренетін және білгенін үйрете алатын жандар болуы керек. Себебі базалық қызметтермен біреуді таң қалдырып, назар аударту қиын.
Қазір командамызда 15 адам бар. Бағдарламалаушыларымыз жасанды интеллект элементтерін жасап жатыр. Енді біздің жүйе мәліметтер базасына сүйене отырып, сіз үшін шешім қабылдай алады, яғни сіздің хабарландыруыңызға лайықты мамандарды өзі іріктеп, ұсынатын болады.
Маған бағдарламалаушылармен жұмыс істеген ұнайды. Себебі, олардың жұмысының нәтижесі көрініп тұрады. Жақсы істедің бе, көрініп тұрады. Жаман ба, ол да жасырын қала алмайды.
«Бәсекелесім жоқ десеңіз, дұрыс іздемегенсіз»
Еңбек нарығындағы әр компания – ол онлайн немесе оффлайн түрде жұмыс істесе де біздің бәсекелесіміз. Тіпті әлеуметтік желілер де бізге бақталас бола алады. Себебі қазір адамдарды әлеуметтік желілерден де іздеп, тауып алуға болады. Мысалсы, LinkedIn компаниясы. Бұл ресми байланыс орнатуға арналған әлеуметтік желі.
Сондықтан ешкімді назардан тыс қалдыруға болмайды. Барлық ресурс технологиялық тұрғыдан да, қызмет көрсету тұрғысынан да бәсекелес. Бәсекелес таба алмасаңыз, дұрыс іздемегенсіз.
Біздің компанияның имиджі – қарапайымдылықта.
«Жоспарларымыз өте көлемді»
Қай жоспарымызбен бөліссем екен (күлді). Жоспарларымыз көп және өте көлемді. Біз басқа нарықтарға шығуды жоспарлап жүрміз. Осы салада өзге де қызмет түрлерін, өнімдерді ұсынып көрмекпіз. Ең бірінші қарастырып отырғанымыз ТМД, Оңтүстік-Шығыс Азия, Араб елдері. Оның ауылы алыс емес.
Жақында «Болашақ» ассоциациясы бізге Алғыс хатын жіберді. Біз үшін осындай үлкен халықаралық компаниялардың бізге артқан сенімі – үлкен жетістік. Олар бізге контенттерін салады, вакансияларын жариялайды, біз арқылы қызметкерлерін таңдайды. Бұндай ұйымдардың бізбен жұмыс істеп, қолдау көрсетіп жүргендері қуантады.
Қазіргі еңбек нарығында аралас мамандықтар сұранысқа ие. Бұрын экономист тек экономист, заңгер тек қана заңгер болатын. Қазір бұның бәрі қарқынды түрде араласып барады. Мысалы, біздің істеп жатқанымыз – H мен маркетингтің қосындысы. Кей компанияларда жұмыс берушінің бренд менеджері деген маман бар. Бұл мамандыққа ешкім еш жерде оқытпайды. Бірақ нарықта бар.
Сұранысқа ие болу
Қазақстанда сату-сатып алу саласына жастар өте аз барады. Себебі, сату-сатып алуға деген қарым-қатынас бізде өзгеше. Оларға арнайы даярлықты қажет етпейтін, кез келген адамның қолынан келетін сала ретінде қарайды. Егер сіз жақсы сөйлей алсаңыз, адамдармен тез тіл табыса алсаңыз болды деп ойлайды.
Шынында сату-сатып алу – бизнестегі кез келген компанияның даму көзі. Сіз сатасыз, ұсынасыз, қолдау көрсетесіз, сөйтіп компанияға қаржының құйылуына себепкер боласыз. Егер сату-сатып алу болмаса, HR да, қаржыгер де, IT де керек емес. Қазіргі таңда бізге сату жөніндегі менеджерлерді іздейтін бос жұмыс орындарына хабарландыру көп түседі. Ол фармацевтикада да, техника, автокөлік, тұрмыстық заттарды өндіру саласына да қажет.
Сұрынысқа ие болу үшін өзіңіздің салаңыздағы трендтерді бақылап отыруыңыз керек. Мамандар екіге бөлінеді. Бірі жаңалықтарға еріп, жаңа трендтерді меңгеріп отырады, келесісі «баяғы жартас» күйінде қалады. Сондықтан нарықта не болып жатынқынан, , trend maker іс-әрекетінен хабардар болып, соған тез бейімделіп, меңгеріп отырған дұрыс. Бұл нағыз high potential маманның көрінісі.
«Жұмыс берушіні «Хайподан» таңдау керек»
ЖОО бітірген кезде әр түлекті қай жерде өзін дамытып, қай жерде жоғары мөлшерде еңбек ақы алатыны қызықтырады. Негізінен алғашқы 5-6 жыл жұмыс тәжірибесі осы сұрақтарға жауап іздеумен өтеді. Қайда жақсы үйретеді – соған барамын, қай жерде жақсы төлейді – соған барамын деген сияқты. Себебі жас ағза жаңалыққа құмар болады және сол жаңалығы үшін ақша алғысы келеді. Уақыт өте келе ақша жағы басымдылығын жоя бастайды. Себебі ол кезге дейін сіз өзіңізге қажетті соманың белгілі бір мөлшерін жинап қоясыз. Оның сыртында түсетін табыс сіз үшін аса маңызды болмай қалады. Керісінше, жұмыс істейтін жеріңіз, командаңыздың қаншалықты қызықты екені маңызды бола түседі.
Осылардың қайсысы сізге керек екенін білу үшін, ерте бастан өзіңізге ненің қызықты болатынын түсініп алуыңыз керек. Өзіңізді алдамаңыз. Маған анам қаржыгер болуға кеңес береді, алайда мен бұл саланың менікі емес екенін білемін. Менің орным– сату-сатып алу саласында. Міне, осыны мойындап, өз қызығушылығыңызда үздік бола алатан компанияға жұмысқа бару керек. Қай компания сізге жетілуге мүмкіндік береді, ал қайсысы 8 сағаттық жұмысты мойныңызға «іліп» қояды? Осы сауалдарға жауап табу арқылы, жұмыс берушіні таңдай аласыз.
«Coursera-да бір курс оқып отыруға тырысамын»
Ең үлкен білімді – нарықтың өзі береді. Білім теорияда емес, білім – тәжірибеде. Біреудің кітабын алып оқығаннан гөрі, сол кітаптың авторының өзімен сөйлескен дұрыс. Себебі кітаптан оның ойын дұрыс түсінбей қалуыңыз мүмкін. Әркімнің ойлау қабілеті әртүрлі.
Өз-өзін жетілдіремін деген адамға бірнеше ашық дерек көздері бар. Кім бағдарламалауды үйренгісі келеді? Кім стратегиялық жоспарлауды үйренгісі келеді? Барлық саланың онлайн курстары бар. Сонда кіресіз, тегін түрде білім аласыз, үйренесіз. Біздің командамыз осындай онлайн курстарға қатысып отырады.
Мен тұрақты түрде Coursera-да бір курс оқып отыруға тырысамын. Әрине, кейде уақыт жетпей қалады. Ең соңғы оқығаным – бағдарламалау. Менің ол саладан хабарым бар, оған деген қызығушылығым да бар және біздің компания осы салада қызмет істейді. Егер мен оны үйреніп алсам, өз жұмысымда тегін тағылымдамадан өтер едім (күлді).
Қазақстандық бір кафеге немесе шаштаразға кіріңіз. Сіз сол кафеде немесе шаштаразда оның бастығын көресіз бе? Жоқ. Неге? Себебі бізде бизнес бастағандар ақша өзінен-өзі келіп құйылып жатады, сен бастық боп отырасың деп ойлайды. Олай емес. Ал егер, қандай да бір түрік шаштаразына кірсеңіз, көп жағдайда бастықтың өзі шаш қиып жүреді. Олай болмаған күннің өзінде сізге шәй немесе кофе ұсынып, көңіліңізді аулап жүреді. Неге? Себебі ол көшбасшы. Оған бұнымен айналысу қызықты, ол бұдан ләззат алады. Бұдан шығатын қорытынды – бизнес ашамын да, ақшаны күректеп тауып, Мальдив аралдарына көшіп кетемін деп емес, мен бұл іспен өмір бойы шұғылданамын, балаларыма мұра қылып қалдырамын, ұрпағым бұл істі жалғастырады деп істеу керек.
Муслимнен 5 кеңес
- Өзіңді не қызықтыратынын, немен айналысқың келетінін анықтап ал. Бизнестің барлық түрі сыйлауға тұрады.
- Бизнес идеяңды өз-өзіңе хат қылып жаз. Оның не болатыны, қалай болатынын түсіндіруге тырыс. Ойдағы идея – түс сияқты. Түсіңде бәрі анық болғанымен, оянғанда толықтай есіңе түспейді. Ойыңда жүргенде барлығы керемет болып көрінуі мүмкін. Ал қағазға түсіргенде бәрі де анықталады.
- Ақшаңды қайда жұмсағаныңды жазып отыр. Ол саған ақшаны дұрыс немесе бұрыс жолға жұмсап жатқаныңды көрсетеді.
- Бизнесіңе уақытыңды аяма. Оған жұмысың ретінде емес, өміріңнің бөлшегі ретінде қара. Жұмысқа сағат кешкі 18-00-ге дейін отырып, сосын үйге қайтамын деп емес, жұмыс уақыты аяқталғанша бәріне үлгеремін деп кел.
Қорықпа. Қорқыныш көбейген сайын сен тәуекелдерден айналып өтудің жолын іздей бастайсың. Ойша өз-өзіңе кедергілер жасап қоясың. Қолыңнан келмейтініне 1000 себеп тауып қоясың, ал шынында саған оны тек қана істеу керек.
Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт, суреттер Балжан Балташева
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.