Ата-аналар мектеп формасын кез келген жерден сатып ала алады. Бастысы — мектеп формасының түсі мен стилі бірдей болуы керек. Мектепте бірыңғай форма сатып алуды мәжбүрлеген жағдайда ата-ана білім басқармасына шағымдана алады. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Оқушылардың киім стандарты бойынша мектеп формасының үлгісі классикалық стильде, түсі – қоңыр-көк болуы керек.
Ер балалардың мектеп формасына:
- пиджак,
- жилет,
- шалбар,
- ақ түсті салтанатты жейде,
- күнделікті ақ жейде, (қыс мезгілінде: трикотажды жилет, ақ водолазка) кіреді.
Ер балаларға арналған шалбардың тігісі кең және ұзындығы аяқтың тобығын жауып тұруы керек. Кем дегенде жейде, жилет пен шалбар кию ұсынылады.
Қыз балаға арналған мектеп формасына:
- пиджак,
- жилет,
- белдемше,
- шалбар,
- классикалық ақ кофта,
- сарафан (қыс мезгілінде: трикотаж жилет пен ақ водолазка) кіреді.
Қыздарға арналған шалбар кең тігілген, ұзындығы аяқтың тобығын жауып тұруы керек. Белдемшенің ұзындығы кеңсеге арналған стильде, ұзындығы тізеден 5 см-ден артық жоғары болмау керек.
Ведомство мектеп формасына діни және түрлі конфессияларға тән үлгілерді енгізуге болмайтынын айта кетті.
Кейбір мектеп формасында орта білім беру ұйымын ерекшелеп тұратын эмблема, жапсырма секілді белгілер болуы мүмкін. Олар пиджак, жилет сияқты сырт киімнің жоғары жағында орналасады. Эмблеманың эскизін мектеп басшылығы өзі бекітеді.
Мектеп формасы тозбайтын, бактерия мен микробқа қарсы, антистатикалық қасиетке ие жартылай жүн және мақта матасынан тігіледі.
«Қазір дүкендерде таңдау көп. Әрине, мектеп формасын кез келген жерден аулға болады және ешкім шектеу қоймайды. Бастысы, түсі мен стилі бірдей болуы қажет», — делінген білім басқармасының хабарламасында.
Мектеп формасын тек бір тауар өндірушіден сатып алуға мәжбүрлеген жағдайда дереу Білім басқармасына мына телефон нөмірлері бойынша 55-68-53, 55-68-83, 55-68-73 немесе 109 номеріне хабарласу қажет.