Айдын Ибрагимов:
Атымды марқұм атам қойған. «Айдын» деп қоюдың үлкен себебі бар деп ойлаймын. Бұл есім адамға жаны таза, тұнық, адал болып өссін деген ниетпен қойылады.
Тағдырымыз есімімізбен байланысты болады. Осыған көзім жеткен. Бүгінге дейін жамандық көріп, жаман сөз естіген кезім болмады.
Ес біле бастаған балаға есімінің мағынасын түсіндіріп, санасына сіңіре беру керек. Бұрын ата-әжем үйдегі немерелеріне есімдерінің мағынасын ерінбей айтып отыратын. «Атыңа лайық бол және бойыңа есіміңе сай қасиеттерді сіңіріп, жақсы қабілеттеріңді жетілдіріп, дамытып отыр» деп айтатын.
Бүгінде түсініксіз есімдер көп. Кейде таныстарымның баласының есімін сұрап, ата-әжемізден бойымызға сіңген тәрбие бойынша есімінің мағынасын сұрасаң, бетіңе қарап білмей тұрады. Ал балаға төл есімінің түсініксіз болуы оның өзіне деген сенімін жоғалтады.
Кей жағдайларда бала не мағына беретінін білмегендіктен әрі түсініксіз болғандықтан өз атынан өзі намыстанады. Түбінде балалардың мазағына айналуы мүмкін. Сонымен қатар өз есімін қабылдай алмай, есейе келе одан мүлдем бас тартуға мәжбүр болады. Оқушы кезімде өз атынан ұялатын осындай таныстарым болды.
Гүлнәр Ибрагимова:
Есімімді көршіміз Бөбе апа қойды. Ол кісі – қазақ. Бұрыннан қызым болса екен деп армандапты. Егер өмірге қыз келсе, есімін «Гүлнәр» қоямын деп шешкен екен. Кейін өмірге мен келгенде ата-анам Бөбе апаның тілегін, арманын елеусіз қалдырмай, есімімді қоюға келіскен.
Есімімді қойған адамға ұқсап кеткен сияқтымын. Себебі, Бөбе апа да ашық-жарқын кісі болды. Сол кісінің бойындағы қасиеттері маған да дарыған.
Маған «өзіңіздің де, жолдасыңыздың да есімі қазақша. Не деген ұқсастық» деп таңданып жатады. Кіндік қаным тамған жер Қазақстан болғандықтан қазақылыққа таңданудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
«жұмыста барлығы түрік ұлтынан екенімді біледі. мені алғаш көрген адамдар «қазақсыз ба, әлде өзбексіз бе?» деп сұрап жатады. Сұраған адамның барлығына жағдайды түсіндіріп отырмаймын ғой. Сосын «иә, қазақпын» деп жауап беремін».
Осы кезге дейін қазақ халқынан бір жаманшылық көрмеппіз. Әрине, әр ұлтта барлық адамның жақсы болуы мүмкін емес. Өмір өзі әртүрлі жолақтан тұратындықтан адамның да жақсы, жаманы болады. Көршілеріміз — қазақ. Олармен өте татумыз. Бір-біріміздің салт-дәстүрімізді ұстанып, білмеген дүниемізді сұрап отырамыз.
Бір ұлт өкілдері арасында бір-бірімен араз болып жүргендер бар. Төңірегіңмен жақсы қарым-қатынаста болу үшін адамның ұлтының кім екені маңызды емес. Адамды ұлтына қарап бөлектеу — үлкен қателік.
Айдын Ибрагимов:
Қызымыздың есімі — Назлы. Түрік тілінен аударғанда «нәзік» деген мағынаны білдіреді. Қызымыз 10 жаста, пысық, ақылды. Үйдің тірлігіне ширақ. Тәрбиесіне барынша мән береміз.
«Айналамыздағы адамдарды ананың ұлты анадай, мынаның ұлты мынадай демеппіз. кішкентайымыздан қазақ халқының ортасында өмір сүріп жатырмыз. Сол себепті бізге қазақ есімдері берілген. Менің барлық туған бауырыма қазақша есім берілген. Бұл — қазақ халқына әбден сіңіп кеткеніміздің айғағы».