Басты бетЖаңалықтарРасул Жұмалы:...

Расул Жұмалы: Үш тілді білім алған бала қазаққа қызмет ете ме, басқаға ма?

Саясаттанушы Расул Жұмалы мынадай пікір білдірді:

— «Соңғы он-он бес жылда Қазақстанның қай саласын алсаңыз да дамып, оңып жатқан сала жоқ, бәрі дағдарысқа ұшыраған. Оның көптеген себептері бар. Яғни, шенеуніктеріміздің кәсіби біліксіздігі, білімсіздігі, сонымен қатар халық пен билік арасындағы байланысты үзіліп қалғандығы себеп болып отыр. Соңғы кездері алдымен шешім қабылданып, сосын халық дүр сілкінеді. Содан кейін барып талқылауға көшеді, мораторий жарияланады. Қолын мезгілінен кеш сермейді. Мысалы, кешегі жер мәселесін алып қарайық. Мейлі, кедендік одақ, еуразиялық одақ, бүгінгі тіл мәселесі бәрінде де осы жағдай. Бұған дейін мемлекеттік органдар қайда қарап отырды? Парламенттің қателігі үшін осындай комиссиялар құрыла бермек пе? Онда мұндай Парламенттің қажеті не?

Тіл – тек қана қатынас құралы емес. Бұл – ұлтты, мемлекетті қалыптастырушы бірден-бір алғышарт. Мектеп – тек білім беретін орталық емес. Ол ұрпаққа тәрбие беретін, азаматты қалыптастыратын, оның ұлттық сана сезімін оятатын – орталық. Өз басым елу шақты елде болдым. Солардың бірінен екі тіл, үш тіл деген мәселені атымен көрген жоқпын. Ол мемлекеттер бұл қадамға ақылы жетпегеннен бармай отырған жоқ. Өзінің ұрпағын, өзінің болашағын ойлағандықтан солай жасап отыр. Меніңше, үштілділік деген ұстанымның өзі әу бастан қате.

Адам тек бір тілде ғана ойланады. Тиісінше, сол тілден өзінің мәдениетін, болмысын, өмірін танымын қалыптастырады. Мұстафа Шоқайдың «Бала қай тілде білім алса, сол ұлтқа, сол мемлекетке қызмет етеді» деген сөзі бар. Үш тілді білім алған бала қазаққа қызмет ете ме, Ресейге ме, ағылшынға ма?

Физиология мәселесін де назардан тыс қалдырмау керек. 12 жасқа дейінгі баланың ойлау қабілеті бір тілде дамуы шарт. 7 сыныптан кейін ғана басқа тілді оқытуға болады.

Ата заңға сәйкес Қазақстанда тек бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол – қазақ тілі. Бірақ ана тіліміздің бүгінгі қоғамдағы жағдайына қараңыз: орыс тілі Парламентте — 90%, экономиканың басым бөлігі орысша, телеарналарымыз 90% орыс тілінде. Тиісінше, үш тілдің арасында қыспаққа түсіп отырған жалғыз ғана тіл – қазақ тілі.

Осыны ретімен шешу үшін не істеуіміз керек? Қазақ тіліне деген сұраныс неге аз? Рас, еліміздегі білім саласында шешілмеген проблемалар көп. Керісінше біздің министрлердің бірі Украйнамен арада кикілжің шығарып, екіншісі бір құжаттан 50 қате жіберіп, үшіншісі жоғарғы мансапқа келгеннен кейін барып, енді қазақ тілін үйренемін деп әуре болып жүр.

Онсыз да білім деңгейі мәз емес ауыл мектептері орысша мен ағылшыншаға көшіп кетсе керемет болып кете ме? Жаратылыстану пәндерін қазақ тілінде оқытпау дегеніңіз қазақ тілінің тынысын тарылтып, көкжиегін кеңітпеудің, мешеу артта қалған тілге айналдырудың жолы. Ауыз-екі құрал тіліне айналдырып, ғылым тілінен мүлде айыру деген сөз. Әлемдік тәжірибені ескере отырып, бұған ешқашан жол беруге болмайды.

Қазақ қоғамы толықтай жүз пайыз болып кетсе де, бүгінгі реформаны дәл осы қалпында жүзеге асыруға болмайды. Ал, орыс тілді мектептің балалары бір ғана тілмен шектеліп қалады. Қазақ тілін білмейді.

Бүгінгі күннің шындығы – қазақ мектебін мектептерді бітірген балалар кемінде екі тілді меңгеріп шығады. Алдымен, сол орыстілді мектептер қазақтілді мектептердің деңгейіне жетіп алсын.

Соңғы айтарым, бізде министрлер өте жиі ауысады. Әр министр өзінің жаңа реформасымен келеді. Басы бар аяғы жоқ бағдарламаларымен елді дүрліктіріп, халықтың тынышын кетіреді. Қалай болғанда да бұндай практиканы қою керек».

Айта кетсек, жиында қоғам белсенділері үштілділік реформасының ұлтты жоюға бағытталғанын ашық айтып, өз қарсылықтарын білдірді. Сондай-ақ, Білім министрлігінің өкілдеріне қоғам белсендісі Руза Бейсенбектегінің 4 жарым мыңнан астам адамның қолы жиналған ашық хатын тапсырды.

Дереккөзult.kz