Негізгі атауы: The BFG
Режиссері: Стивен Спилберг
Актерлер: Марк Райлэнс, Руби Барнхилл, Пенелопа Уилтон, Джемейн Клемент, Ребекка Холл, Рейф Сполл, Билл Хейдер
Ұзақтығы: 115 мин
Ескерту: Спойлер болуы мүмкін!
Әдеттегідей Софи жетімдер үйінде перілер мен жындардың жер кезетіндігі туралы сенімімен түнді күзетеді. Оның ойынша түнгі сағат 3-те барлық перілер жер бетіне қаптайды. Дәл бүгін бұл оқиғаға өзі куә болады. Алайда қара плащты алып Софиді байқап қойып, өзімен бірге таныс емес әлемге алып кетеді. Жетім қыз «ажалым осы дәудің азығы болуымнан» деп жол бойы үрейленіп келеді. Бірақ ол ерекше – Алып әрі Мейірімді Алып болатын. Сөйтіп айшылық жерлерді алты аттап олар Алыптар Әлеміне келеді. Мұнда Мейірімді Алыптан басқа адамжегіш зұлым дәулер де өмір сүретін. Софиді өзімен қанша жасырын ұстағанымен, олар бұл әлемде адамның иісі кезіп жүргенін біліп қояды. Бұған дейін олар өздерінен бірнеше есе кіші Үлкен Мейірімді Алыпқа зәбір көрсететін. Мұны көрген қайсар Софи олармен күресуді мақсат етеді. «Егер досың Алып болса, онда сені ұлы істер күтіп тұр».
Адамдар түсті Мейірімді Алыптың көмегімен көретін. Ол ғажайып мекеннен түстерді аулап, қалаған жанына өз қиялындағы түстерді көргізетін. Бұл қызметі зұлым алыптармен күресте басты қару болады. Софи мен Үлкен Мейірімді Алып Ұлыбритания патшайымына келеді…
The BFG — әйгілі «Қара киімділер» фильмінің режисері Стивен Спилбергтің кезекті үздік картиналарының бірі. Осы уақытқа дейін Спилбергтің туындылары жалпы есепте 3,5 млрд долларды жинаған. Аталмыш фильмге 130 млн АҚШ доллары жұмсалды.
Фильм сценарисі – Мэлисса Мэтисон. Түпнұсқа туындыдан фильмнің айырмашылықтары өте аз. Оқиғалары қызықты, нанымды өрбіп отырады. Роальд Дальдің романынан фильмнің ерекшеленетін тұсы – фильм соңы басқаша аяқталады. Романдағыдай емес, зұлым дәулерге Англия Патшайымы ақылды жаза қолданады. Алайда бұл кезде адам сенуі қиын эпизод орын алады. Зұлым алыптарды Алыптар әлемінен бір-бірден тікұшақтар көтеріп алып кетеді. Бойы 16 метрлік дәуді қалайша бір ғана әскери тікұшақ көтере алады? Бірақ бұл режисердің емес, жазушының шешімі болатын.
Фильм тек ғажайып ертегі ғана емес, күлкілі туынды. Үлкен Мейірімді Алып барлық сөздерді бұрмалап сөйлейді. Англия Патшайымы Елизавета да юмор иесі болып көрсетілген. Оның корги тұқымды иттерді де осы жанрды ашуға көмектеседі.
«Үлкен Мейірімді Алып» фильмінің соңында ҮМА пен Софи қоштасады. Софи үлкен өмірге қадам басады, ал ҮМА өз қызметін жалғастыра береді. Софидің сыңғырлаған дауысы ҮМА-ның үлкен құлақтарына әрдайым мүлтіксіз жетіп отырады.
Сюжетімен ғана емес, спецәсерлерімен де ерекше «Үлкен Мейірімді Алып» шынымен мейірімге толы. Үйретері бар туынды.
Ақжарқын Қыдырханова