Адам саудасы ― бұл алдап-арбау, азғырып көндіру, күш қолдану, ұрлау, зорлау, мәжбүрлеу арқылы еңбекке немесе басқа мақсатқа пайдалану, сату, бас бостандығын шектеу. Бұл — адам құқығының өрескел тапталуы, халықаралық қауымдастыққа қарсы жасалған терроризм, есірткі саудасынан және қару-жарақ контрабандасынан да ауыр қылмыс түрі.
Тәжірибе құлдыққа көбіне өзге елдерге жұмыс іздеп барған азаматтардың тап болатынын көрсетіп отыр. Халықаралық сарапшылар азаматтарға құлдықтың құрсауына түсіп қалмау үшін мынадай кеңес береді:
- Сізге ұсыныс білдірген адамдардың аты-жөнін және мекенжайын толық білетініңізге көз жеткізіңіз. Сонымен бірге олардың жұмысының заңға сай келуін тексеріңіз. Жұмыс орнының лицензиясы болуы шарт. Төлқұжатта жұмыс визасы болуы керек.
- Шетелдегі өз еліңіздің елшілігіне міндетті түрде жолығыңыз. Дипломаттар жұмыс ұсынып отырған тарап жөнінде мәлімет алуға көмектеседі.
- Еліңізде эмигранттармен жұмыс істейтін топтар мен ұйымдардың қызметіне жүгініңіз. Олардан барынша көп ақпарат жинауға тырысыңыз. Елге қайтып келгенде олардың көмегі қажет болуы мүмкін.
- Ата-анаңызға, туыстарыңызға, достарыңызға жолға шығатын күңізді, қайда баратыныңызды, жаңа мекенжайыңызды айтып, жаныңыздағы адамдардың аты-жөнін, фотосуреттерін жіберіңіз.
- Шетелдік жұмыс берушімен арада жасалған келісімшартта бар талап нақты көрсетілуі тиіс.
- Бөтен біреу алып берген жол билеттеріне абай болыңыз. Билеттің екі бетінде де мәлімет анық жазылуы керек (әсіресе, ұшақ билетінің уақыты).
- Төлқұжатыңызды ешкімге сеніп тапсырмаңыз. Ол тек өзіңізде болуы керек.
- Барлық маңызды құжаттың (төлқұжат, виза, келісімшарт және т.б.) екі дана көшірмесі өзіңізде болғаны жөн. Сонымен қатар жақындарыңызға да тастап кетіңіз. Оларға фотосуретіңізді де қалдырыңыз.
- Сізге қауіп төнген жағдайда сенімді адамдарыңызға белгі беретін құпия сөз тіркесі болуы керек.
- Шет тілін білмеген жағдайда өзіңізбен бірге сөздік алып жүріңіз.
- Қалтаңызда қаражаттың болғаны қашан да артық етпейді.
- Егер төлқұжатыңызды ұрлатып немесе жоғалтып алсаңыз, басқа да қиындыққа тап болсаңыз, ұлттық елшілікке немесе полицияға хабарласыңыз, заңгердің көмегін беруді өтініңіз.