Осыдан бірнеше сағат бұрын ғана БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс беру нәтижесінде Қазақстан дауыс берген 193 елдің 138 мемлекетінің қолдауына ие болды. Сөйтіп Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды.
Кейін желіде Қазақстан елшілері мен министрдің қуанышты сәті бейнеленген фото жарияланды деп хабарлайды NUR.KZ.
БҰҰ-дағы Қазақстанның сенімді өкілі Қайрат Әбдірахманов қуанғаннан бетін жауып алған. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев болса, мұны тарихи жеңіс деп атады.
Қазақстан осы сайлаудағы басты бәсекелесі Тайланд елінен 55 дауысқа басым түскен. Айта кетейік, Азия-Тынық мұхиты аймағы мемлекеттері атынан 1 орынға Қазақстан және Таиланд елдері таласқан болатын. Тайланд аталған 1985-1986 жылдары аталған Ұйымның құрамына кірген екен.
«Дауыс берушілердің үштен екісінің қолдауына ие болып, Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесіне 2 жылға тұрақты емес мүше болып сайланды, 1 қаңтардан бастап қызметін бастайды», — деп мәлімдеді Бас Ассамблеяның 70-сессиясының төрағасы Могенс Люккетофт.
Өткен жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2016-2017 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне Мысыр, Сенегал, Украина, Уругвай және Жапония елдері сайланған болатын.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 15 мемлекет мүшелік етеді. Ұлыбритания, Қытай Халық Республикасы, Франция, Ресей Федерациясы және Америка Құрама Штаттары — Кеңестің тұрақты мүшелері. Одан бөлек 10 тұрақты емес мүше мемлекетті Бас Ассамблея екі жылға сайлайды. Әр жыл сайын оның бесеуі жаңарып отырады.