«Үш тілділік мәселесін көтерсек, алдымен ағылшын тілі шыға келеді. Бұл теріс. Үш тілділік – ол ең алдымен қазақ тілі туралы бағдарлама. Тағы да атап айтамын, үш тілділік – ең алдымен қазақ тіліне назар салады. Қазақ тілінің жағдайы қазір жаман емес… Қазір оқушылардың 70 пайызы қазақ тілінде оқиды. Биыл Бірыңғай ұлттық тест тапсырған оқушылардың 72 пайызы сынақты қазақ тілінде тапсырды. Назарбаев зияткерлік мектептері грантының 70 пайызын қазақ тіліне бөлді. Сондықтан, жағдайымыз жаман емес»,-дейді министр.
Бірақ, Білім және ғылым министрін мазалайтын бір мәселе бар екен. Ол – орыс мектептерінде оқып жүрген бес жүз мың баланың тіл тағдыры.
«Бірақ, проблема қандай? Қазір орыс мектептерінде оқитын бес жүз мың бала қазақша сөйлемейді. Сондықтан, министрліктің алдындағы ең жоғарғы мақсат 3-4 жылда бес жүз мың баланы қалай қазақша сөйлетеміз деген мәселе. Олар қазақша сөйлеу керек қой. Түсініп отырмыз, оқыту әдістемесі дұрыс емес. Ең алдымен дұрыс әдістеме жасау керек. Үш-төрт зияткерлік институт жиналып, әдістемені дайындап жатыр. Осы әдістеме дайын болса, 2017 жылдан бастап орыс мектептерінде қазақ тілінде өтетін сабақтар өзгере бастайды. Ең алдымен, дұрыс әдістеме керек. Заманауи ғылыми негізде жасалған, компьютерлік модельдеуден өткен алты айда тіл үйрететін әдістеме жасап жатырмыз. Үш жылдың ішінде балалардың барлығы қазақша сөйлейді. Мен оған сеніп отырмын», – деді министр Сағадиев.