Ақпарат құралдарында «салафизм» терминін қолдану дұрыс па?

Журналистер «салафизм», «псевдосалафизм» сияқты терминдерді қолданудан бас тартуы керек. Жуырда саясаттанушы Ислам Кураев осындай пікір айтты.

«Бізге қоғамды нығайтатын идеяларды дамыту керек. Идеология — қоғамды нығайтатын идеялар туралы ғылым. Бүгін біз ислам дінінде бар түрлі идеологиялық ағым туралы айтып жүрміз. «Салафизм», «жалған салафизм» деген терминдер халықаралық жанжалдар туғызуы мүмкін, сол себепті журналистер ондай сөздердің орнына «ортодокс мұсылмандық» дегенді қолданғаны дұрыс», — деді ол ақпарат құралдары өкілдеріне арналған семинар-тренингте.

Саясаттанушының пікірінше, дінді ХХІ ғасырдың әлемдік ауқымдағы саяси идеологиясы ретінде қарастыруға болады. Қазіргі кезде Орталық Азия мен Қазақстан аумағында осы құрлықта тұратын халық арасында ықылым заманнан келе жатқан дәстүрлі ислам құндылықтарын сақтау маңызды болып тұр.

Айта кетейік, Алматы дін істері басқармасының қолдауымен жыл басынан бері жалпы саны 270-тен астам түрлі шара өткізіліп, 30 мыңға жуық адам қамтылды. Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру ісін атқаратын басқарма жұмысының қазіргі басты бағыттарының бірі – халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.