«Бала күнімде әскери адам болуды армандадым. Малайзиядағы Азия-Тынық мұхиты университетінде халықаралық бизнес менеджменті бағдарламасы бойынша IT- мамандықты меңгердім. Өнерге деген қызығушылық 2013 жылы университетті бітірген соң пайда болды. Үйге барған соң жүзі өткір пышақпен жапырақтарды ойып, түрлі бейне жасадым. Нәтижесі өзіме ұнады. Осыдан соң сурет салудың түрлі тәсілін өз бетімше байқап көрдім. Алғашында сурет салуға қарағанда карвинг өнеріне жақын болдым. Тұңғыш туындым ағаш жапырағынан кесілген Қазақстан туының сұлбасы болды. Кейін мұны алмадан ойып жасап көрдім. Бұл салада арнайы білімім де, ұстазым да жоқ. Өз бетімше үйрендім. Осы кезде ғаламтордың көп көмегі тиді»,- дейді ол.
«Жасаған туындыларымды тек әлеуметтік желілерге салумен шектелемін. Кейде мен жасаған нәрселерді көрген адамдар арнайы тапсырыс беріп жатады. Жұмысым көп болған кезде тапсырыс ала алмаймын. Оның дайын болу мерзімі шаруаларымның тығыздығына және жасалатын туындының күрделілігіне байланысты. Кейбір тапсырыстарды бірнеше күн, апта, тіпті, айлап жасауға тура келеді. Өнерімді кәсіпке айналдыру әзірге жоспарда жоқ. Бұл менің хоббиім», — дейді суретші.
«Кез келген жерде бірінші идея керек. Кейде жолда келе жатқанда, аспанға қарағанда, тамақтанып отырғанда аяқ астынан идея келеді. Сосын оны ойда қорытып, тамаша туынды етіп шығаруға тырысамын. Ойға алған бейнені қандай материалдан жасасаң, үйлесім табатынын да ойлау керек. Алғашында жапырақ пен картон қағаздан жасап үйрендім. Қазір шеге, газет, гипс, банан, кофе, гүл күлтелері сияқты қолжетімді материалдардан жасай беремін. Мұндай материалдармен жұмыс істегенде өте мұқият болу керек. Сәл қиыс кетсең, бүкіл еңбегің зая кетеді», — дейді ерекше туындылардың авторы.
«Сурет салудың 100 тәсілі» деген тақырыпта көрме өткізгім келді. Адамдар сурет дегенде бірден параққа бояумен салынған бейнені елестетеді. Көрменің мақсаты — суреттің тек қағаз бетіне салынбайтынын түсіндіру. Көрмеге келушілер туындыларды тамашалай алуы үшін ұзақ уақыт сақталатын туынды жасауға тырысып жүрмін. Жапырақ, ағаш, гүл күлтелерінен жасалған туындылардың жарамдылық мерзімі ұзақ емес. Сондықтан дер кезінде суретке түсіріп аламын да, әлеуметтік желіге жүктеп қоямын. Мысалы, алмаға ойып сурет салу үшін жылдамдық керек. Нәтижесін бірден суретке түсіріп алмасаң, құрамында темір болғандықтан алма қарайып кетеді. Ағаш жапырақтары да бірден солып қалады. Қазір ұзақ уақыт сақталатын нәрселер жасау бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмын. Негізі қолыңның ебі болса, кез келген материалдың бетіне сурет салуға болады. Көрмеде осыны дәлелдегім келеді», — дейді Қанат Нұртазин.
Суретші өзі саяхаттап барған көрікті жерлерді ерекше өнерімен үйлестіріп, тамаша туындылар жасап жүреді. Қанат Нұртазиннің айтуынша, ол саяхат барысындағы туындыларды әлеуметтік желілердегі парақшасына салу арқылы өзінің алған әсерін білдіргісі келеді.
«Жай ғана сурет салуға қарағанда сурет салудың жаңа әдіс-тәсілдерін ойлап тапқан әлдеқайда қызық. Бұл — шығармашылық еңбек. Қарап тұрсаң, айналаңдағы заттардың барлығы өнер туындысы үшін жасалғандай. Кейде табиғаттың, қоршаған ортаның осындай ғажайыпқа толы екенін көріп, шабыт аламын», — дейді суретші.
Баян Алагөзованың газет қиындыларынан жасалған портреті, тұзбен салынған Геннадий головкиннің суреті, Майкл Джексонның таңқурай тосабынан жасалған бейнесі — Қанат Нұртазиннің Қазақстанға танылған туындылары.
«GGG бейнесін Қарағандының картасына түсіру үшін бір жыл уақытым кетті. Бұл көп еңбек пен табандылықты талап ететін туынды болды», — дейді Қанат Нұртазин.
Қанаттың айтуынша, оның суреттерінің жартысына жуығы ұзаққа шыдамайды. Есесіне, әлеуметтік желіде өміршең. Оның Instagram парақшасында 6 мыңға жуық жазылушы бар.
Суретші нақты бір жанрда немесе белгілі бір тәсілмен ғана сурет салмайды. Ол өзінің өнердегі стилін «микст-медиа» стиліне, яғни аралас техникалы өнерге жатқызады.
«Сурет салудың 100 тәсілі» көрмесінде ел көрмеген ерекше өнер түрлерін таныстырамыз. Ерекше әдіс-тәсілдердің саны жүзге жуықтап қалды. Жақында бәріңізді көрмеге шақырамын», — дейді суретші.