Басты бетЖаңалықтарҚазақстандағы қалыңмал...

Қазақстандағы қалыңмал бағасы немесе сізге қанша «төленеді»?

Қалыңдықтың малы. Бұл жас отаудың әлеумет санатына қосылып кетуі үшін құйылатын инвестиция іспетті. Бүгінгі қалыңмалы төленетін қыздардың бағасы өлшеулі, хақысы ескерулі. Сонымен, қай жақтың қызына қандай қалыңмал беріледі екен?

Алматы

Қалың мал бағасы: 100 – 500 мың тг аралығы

Қалыңдық қалың мал

100-150 мың теңге – ең төменгі қалың мал мөлшері. Көбінесе Алматы жұрты 300 мың теңгені қанағат көреді. Ең көп дегенде 500 мың теңгеге дейін барады. Қалың малдан бөлек басқа аймақтардағы тәрізді қоржын, киіт кигізу жоралғылары орын алады. Көбінесе киіттің мөлшері мен сапа, сипатын екі құдағи алдын ала келіседі. Қанша жағалы киім, қанша алтын, күміс, көйлек- жаулық, шапан-шапқыт қажет екендігін сұрасып, біліп алады. Қазіргі кезде атаулы киіт, жағалы киімдерді бергенде құдағилар бір-бірінен бой өлшемдерін де (размер ) сұрап біліп жатады. Жалпы халық мұның еш айыбы жоқ деп есептейді.

Шымкент

Қалың мал бағасы: – 1 млн теңгеге дейін

Шымкент қалың мал

Ең төменгі мөлшер – 300,000 тг. Мұндай қалың малы төленген қыздың жасауы осы бағаға сай жабдықталып келуі тиіс. Оның ішінде төсек-орын гарнитуры, бір жүк (сандық ішінде көрпе-жастық т.б.) болады.

Орташа баға – 500,000 теңге. Қалың малыңыз осы мөлшерде болса, артыңыздан келген жасауға міндетті түрде төсек-орын гарнитуры, екі жүк және негізгі тұрмысқа қажетті заттар (теледидар, тоңазытқыш, т.б.) енуі керек.

Шымкентте қыз құны 1 000,000 теңгеге жетіп те, асып та жатады. Қалың малыңыздың төлемі осындай болса, жасауыңыздың құрамына үйге қажетті барлық ұсақ-түйекке дейінгі заттар енуі керек.

Айтылған үш шамада да қыздың жасауына оның киімдері енеді. Төрт мезгілдік киіміңіз су жаңа бетінде этикеткаларымен келуі тиіс. Оның жаңа екендігі жеңгелер «тексерісінен» өтеді.

Тараз

Қалың мал бағасы: 300 мың – 1 млн теңге

Тараз Бейбіт Ыстыбаев

Қалың малы көп төленетін қыздардың бірі – Тараз қаракөздері. Шымкенттегі көрсеткіш мұнда да қайталанады. Қалыңдық малы 300 мың теңгеден 1 млн-ға дейін жетеді.

Басқа аймақтардағыдай мұнда да жігіт жақ қалың мал беруге, қыз жақ ұзатуға жағдайы келмей жатса, әдейілеп «алып қашу» ғұрпы жасалады. Бұл салттың негізгі сипаты басқа болғанымен, отбасы теңдігін, екі жақ ымыраластығын сақтауға септігін тигізетін жоралғының бірі.

Шығыс Қазақстан

Қалың мал бағасы: – 200,000 теңгеден бастап

Үйлену отбасы болу

Бұл аймақта нақты қалың мал мөлшері жоқ. Екі жақтың келісімімен отбасылық жағдайларды ескере отырып, құдалық кәделері – өлі-тірісі, той малы (тойға арнап сойылатын мал) беріледі. Шығыс Қазақстандықтар қалың мал деп осыларды есептейді. Сирек жағдайда мұны ақшалай да беріп жатады. Ол 200 мың теңгеден басталады. Бұл салттың көрінісі Астана қаласында да дәл осындай сипат береді.

Қалың мал берілмейтін аймақтар

Қарағанды аймағы мен Қазақстанның батысы Ақтөбе, Атырау, Орал қалаларында қалың мал мүлде төленбейді. Алайда қыздың жасауына барлық тұрмысқа қажетті дүниелер, киім-кешектері енеді. Батыстағы тағы бір ерекшелік – қызын ұзатқан әке-шешесі үйлену тойына қатыспайды.

Қазіргі кезде барлық аймақта қыздың жоғарғы білімінің болуы оның қалың малының көлеміне әсер етеді екен. Қызыл дипломы, шетелде білім алғандығы – оның бағасын өсіре түсетін факторлардың бірі.

Исламдағы қыз кәдесі

Исламдағы қыз кәдесі

Мешітте некесін қидырған жастар мәһр өтемін жасап жатады. Мәһр – қоғамдағы әйелдің беделін білдіріп, оның ақысы болып саналатын сыйақы немесе кез-келген мұсылман әйелдің үйленер алдында күйеуінен талап етіп алуға құқылы заты. Оны неке қию барысында ақшалай немесе заттай сұрай алады. Мәһрдің мөлшерін әйел адам белгілейді. Ал, ер адамнан бекітілген мәһрге деген келісімі сұралады, себебі екі жақтың да келісімі маңызды. Ең аз мөлшердегі мәһр құны он дирхамды құрайды. Бір дирхам шамамен 3,06 грамм күміске тең.

Ескіліктегі қалың мал

Әбубәкір Диваевтың Шымкент уезінен жазып алған дерегі бойынша, қалың малдың ең жоғарғысы 8 құлынды бие, 13 жылқы, 9 түйеден тұрған. Қалың мал көлеміндегі 1 жылқыны 6 қой ауыстырған.

Орта тұрмысты адамдың қалың мал көлемі 27-ден 37 бас малға дейін қамтылған.

Кедейлер тұрмысында қалың мал «дөңгелек қалың мал» деп аталып, 7-ден 9 бас малды құраған, кейде кедей отбасында екі жақтың келісімі бойынша бір-біріне сый-кәде бермей екі жасты қосқан.

«Мәдениетке ұмтылудың кепілі ескіні жоққа шығару емес, ескіні шыңдау болса керек еді» дейді ғалым Ақселеу Сейдімбек. Кешегі күнмен салыстырғанда қазақтың бұл салты «күпі киген» сипатын «шекпен жабуымен» ғана түрлендірген тәрізді. Тек арада «мал айдалғанда» жастардың бақыты ескерусіз қалмаса игі.

Жат жұрттыққа жаралған қыз бағасы қалың малмен ғана өлшеніп қоймайды. Оның абыройы мен беделі барған жерінде қандай келін, жар, ана болғандығымен бағаланады. Келін болып, түскен жерін «ел» ету – әке-шеше еңбегінің ақталғандығы, борышының өтелгендігі.

Ал сіз қай жаққа келін болуға лайық екендігіңіз туралы ойын ойнап көргіңіз келе ме?

Дайындаған, Ақжарқын Қыдырханова