Елбасының «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы шеңберінде Орал қалалық Максим Горький атындағы кіапханада латын әліпбиі кабинеті ашылды.
Кабинеттің ашылуына Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары, мәдениет мекемелерінің басшылары, ҚР ҰҰ «Батыс» өңірлік қолбасшылығы мен 5517 әскери бөлімінің тіл мамандары қатысты.
Аталмыш кабинетте ұлттық әліпби, семинар-тренингтер, оқу курстары, лингвист ғалымдардың онлайн кеңестері өткізілетін болады. Сондай-ақ, мұнда барлық қала тұрғындарымен бірге ұлттық ұланның жеке құрамы да да латын әліпбиін үйрене алады.
М.Горький атындағы кітапхана директоры Гүлайым Ақашаеваның сөзінше, латын графикасын оқытуға арналған мұндай кабинеттер алдағы уақытта облысымыздың аудандарындағы барлық кітапханаларда ашылмақ.
«Біз саяси тұрғыдан тәуелсіздік алғанымызбенен, жазу-сызуда толыққанды тәуелсіздікке қолымыз жетпей жүрген едік. 2017 жылдың 26 қазанында Елбасы осы олқылықтың орнын толтырды. Жаңа әліпби үлгісі қабылданды. Бұрын екі тілде 76 әріп қолданып келсек, енді бір тілде 32 әріппен жазатын боламыз. Жаңадан ашылып жатқан кабинеттің латын тілін меңгеруде алар орны ерекше», – деді Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тіл секторының меңгерушісі Роза Зайнуллина.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы жанындағы халық мәдениеті университетінің ректоры Шамиль Меңдіғалиев латын графикасына көшуді 2000 жылдан бері күтіп келгенін айтты.
– Біздің бірлігіміз, тірлігіміз мықты болуы керек. Осы жерде жастарға айтарым, латын жазуы – біздің болашағымыз. Сондықтан оны қазірден бастап үйренуге, жазуға шақырамын,– деді ол.
Кітапхана қызметкері Гүлнұр Алғазы латын әліпбиіне көшудің мәні мен маңызын түсіндіріп, латын графикасына негізделген қазақ тілінің жаңа әліпбиімен таныстырды. Компьютерде кириллицамен терген мәтінді автоматты түрде латын графикасына аудару үшін конвертерді қолдану, қазіргі пернетақталардағы қазақ тіліне тән әріптерді латын графикасымен жазу үшін пернетақтада қалай теру тәсілі туралы әңгімеледі.