Журналистер арасында дін тақырыбындағы материалдарға байқау жарияланды

Алматы қалалық дін істері басқармасының әлеуметтік маңызды жобалары негізінде Ұлттық журналистік зерттеу орталығы журналистер арасында дін саласындағы өзекті мәселелер туралы бірнеше номинация бойынша үздік материалдарға байқау жариялайды.

Байқауға «Нұр Отан» партиясы қолдау көрсетіп отыр. Журналистер арасындағы байқаудың мақсаты — Қазақстан жұртшылығының назарын дін саласындағы мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелеріне аудару, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарды мемлекеттік саясаттың дін саласындағы бағыттары және қоғамдағы конфессияаралық келісімнің нығайтылуы мен сақталуына бағытталған маңызды іс-шаралар жөнінде хабардар ету.

Басты талап – еліміздің зайырлы мемлекеттік құрылымын қарапайым әрі ұғынықты тілмен түсіндіру, мемлекеттік саясаттың заңнамалық талаптарын ұғындыру, дін атын жамылған экстремистік ағымдарды әшкерелеу, дәстүр мен діннің өзара байланысын жеткізу, діни экстремизмнің алдын алу, теріс діни топтардың идеологиясы мен олардың зиянын ашып көрсету. Қандай да бір діни ұстанымды немесе дінді насихаттауға бағытталған материалдар қабылданбайды.

Байқау мына номинациялар бойынша жүргізіледі:
— ең үздік әлеуметтік ролик;
— ең үздік телевизиялық бағдарлама;
— ең үздік радиобағдарлама;
— интернет ресурстағы қазақ тіліндегі ең үздік мақала;
— интернет ресурстағы орыс тіліндегі ең үздік мақала;
— мерзімді басылымдардағы қазақ тіліндегі ең үздік мақала;
— мерзімді басылымдардағы орыс тіліндегі ең үздік мақала;
— әлеуметтік желілердегі ең белсенді қолжетімді топ;
— ең белсенді блогер.

Сонымне бірге бес ынталандыру сыйлығы да болады. Байқауға Алматыда тіркелген немесе сонда тілшілер қосыны бар БАҚ-тағы кез келген журналист, ғалым, публицист, жазушы қатыса алады. БАҚ басшылығының рұқсаты талап етілмейді. Байқау екі тілде өтеді.

Байқауға қатысушылар Ұйымдастыру комитетінің [email protected] электрондық поштасына (байланыс телефоны: 87775654078) мынадай материалдарды жіберуі тиіс:
1) Автор туралы мағлұмат /туған жері, күні, айы, жылы, телефон/;
2) Байқау материалы жарияланған БАҚ-тың pdf-нұсқасы немесе скриншоты, портал-сайттағы материалдың скриншоты немесе электрондық сілтемесі (бар болған жағдайда), теле-радио бағдарламалардың mp4-нұсқасы немесе электрондық сілтемесі (бар болған жағдайда);
3) Автор әр номинацияға бір немесе екі материал ұсына алады;
4) Бір автор бірнеше номинацияға қатыса алады;
5) Барлық материалда байқаудың қандай номинациясына ұсынылатыны туралы ақпарат болуы міндетті. Номинациясы көрсетілмеген материал байқауға жіберілмейді.

Байқауға қатысушылардан материалдар 1 қазанға дейін қабылданып, 10 күн ішінде іріктеледі. Жеңімпаздар 18 қазан – Рухани келісім күні қарсаңында Алматыда марапатталады. Байқаудың жүлде қоры – 1 миллион теңге.