Басты бетЖаңалықтарҚандай қылмыстар...

Қандай қылмыстар бойынша жаза жеңілдетіледі?

ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Аxметжановтың айтуынша, осы саладағы саясатты ізгілендіру аясында Қылмыстық кодекске 262 өзгеріс, Қылмыстық іс жүргізу кодексіне 45, Қылмыстық-атқару кодексіне 9 өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, адам өліміне қатысы жоқ 247 қылмыс бойынша алғаш рет қоғамдық жұмысқа салу балама жаза ретінде қолданылады.

Бұдан бөлек, айыппұлдың ең төменгі мөлшері 500 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін (1,2 млн теңгеден 481 мың теңгеге) азайтылады. Енді оны үш айда емес, алты айда төлеуге болады. Ал экономикалық қылмыс бойынша, керісінше, айыппұлдың мөлшері екі есе артады. Осыған байланысты 2,5 мың сотталған адамның жазасы қысқарады.

Сонымен бірге 12 ауыр қылмыс бойынша судьялар бас бостандығынан айыру жазасының орнына бостандықты шектеу жазасын қолдана алады. Аталған қылмыстарға әскери, экономикалық, лауазымдық және мүлікке қатысты заңбұзушылықтар кіреді. Есесіне айыппұл көлемі артады. Ал 2 жылға дейін және алғаш рет сотталғандар қауіпсіздік деңгейі төмен мекемелерге ауыстырылады.

«Жалпы, ізгілендіру шаралары 5 мың адамды қамтиды. Бірақ оларды бір уақытта босатпайды. Соттар өтінімдерді қарауы қажет. Өз шешімін шығаруы тиіс. Айыппұл сала ма, басқа мекемеге ауыстыра ма, осының бәрін анықтауға біраз уақыт кетеді», — деді Бас прокурордың орынбасары.

Еске сала кетейік, бұған дейін ақпарат құралдарында және артынша әлеуметтік желілерде Қазақстанда аса ауыр қылмыс жасаған 5 мыңдай адамға рақымшылық жасалатыны туралы ақпарат тараған еді. Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде бұл қауесетті жоққа шығарды.

ДереккөзInform.kz