Атырау көшелері бегония мен шегіргүлге толады

Атырауда 12 мың гектар жерге экзотикалық гүл отырғызылады. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің мәліметінше, гүл отырғызуға орталық көшелердің 21 қиылысы таңдалған. Көгалдандыру жұмысымен «Қазақ зағиптар қоғамының Ақмола оқу-өндірістік кәсіпорны» мамандары айналысады.

Қазірдің өзінде орталықта бегония, шегіргүл және басқа да әдемі өсімдіктер пайда болды. Биыл қаланы көгалдандыру жұмысы мемлекеттік сараптама қорытындысының кешіктірілуіне байланысты шілде айында басталған. Келесі жылы бұл жұмыс әлдеқайда ерте қолға алынлады.

«Әбілқайыр хан даңғылы мен «Ақжайық» қонақүйі маңындағы айналма жолға гүл егу  тамыздың соңына дейін жалғасады. Аталған көшелерге биыл алғаш рет тамшылатып суару әдісі қолданылады», — дейді қалалық ТКШ, ЖК және АЖ бөлімінің бас маманы Алмас Сәрсенов.

Айта кетейік, Атырауда бүгінге дейін көгалдандыру мен абаттандыру жұмысының 80%-ы аяқталды.