Айдың ең ұзақ тұтылуы. Нені білген маңызды?

28 шілдеге қараған түні Жер тұрғындары ерекше астрономиялық құбылыстың куәгері болады. NASA-ның хабарлауынша, биылғы құбылыс Айдың XXI ғасырдағы ең ұзақ тұтылуы болып тарихта қалмақ.

Жердің кейбір бөлігінің халқы ерекше құбылысты 1 сағат 43 минут бойы тамашалай алады.

Айдың тұтылуы дегеніміз не?

Жер ғаламшары Күн мен Айдың ортасына келгенде Ай тұтылады, яғни Жердің көлеңкесі серігінің бетіне түседі. Басқаша айтқанда, аспан денелері бір қатарға тұрады.

Айдың шала тұтылуы Ай Жердің көлеңкесіне енген уақытта басталып, 3 сағат 55  минутқа дейін созылады. Жер көлеңкесінен толық өтуі үшін осынша уақыт қажет.

Неге “Қанды Ай” деп атайды?

Айдың тұтылуы
Айдың қызыл реңкке енуі © ukranews.com

Жер көлеңкесіне толық кіргеннен кейін Айдың жүзі қызғылт реңкке енеді. Сол себепті бұл құбылысты кейде “Қанды Ай” деп те айтады.

Айға мұндай түсті Жер атмосферасынан шағылған Күн сәулесінің шамалы мөлшері береді.

Жер атмосферасы спектрдің қызғылт-сары сәулесі үшін әлдеқайда мөлдір болғандықтан тұтылу кезінде Айдың жүзіне дейін жетеді. Сол себепті ол қалыптан тыс түске енеді. Дәл осы себептен де күннің атуы мен батуы кезінде аспан қызыл түске боялады.

Айдың тұтылуын қашан және қайдан көруге болады?

Ауа райының қолайлы болуына байланысты бұл құбылысты Жердің Солтүстік Америкадан басқа бөлігінің барлық тұрғыны көре алады. Оңтүстік Америка, Батыс Африка және Еуропа мемлекеттерінде бұл Айдың шығуымен сәйкес келеді.

Ерекше құбылысты бақылау үшін телескоп керек емес, алайда бинокль қажетке жарап қалады.

Қазақстандықтар Айдың тұтылуын Астана уақытымен 28 шілдеге қараған түні сағат 00.24-тен бастап көре алады. Айта кетейік, бүгін Ай апогеяда, яғни Жерден ең алыс қашықтықта болады.

ДереккөзBbc.com