Осы жолы да Мырзағали Айтжанов баптайтын жігіттерге үлкен үміт артамыз. Ауыр атлетикадағы дау-дамайдан кейін бар үмітіміз боксшыларда екені рас. Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарына алғаш рет толық құрамда барады. Мырзағали Айтжанов баптайтын жігіттер Алатау етегіндегі Ақбұлақ сауықтыру орталығында дайындық жұмыстарын бастап кетті.
«Лондонда бір алтын бір күміс бір қола алсақ, қазіргі жағдайда осындай мықты командамен біз алдымызға мақсат қойып отырмыз. Кемінде 4 медаль. Егер бұйырып жатса одан да көп медаль алуға. Ал бастысы – екі алтынмен оралу», — дейді Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов.
Айтжановтың айтуынша, жігіттердің осалы жоқ. Рас ұлттық құрамадағы кез келген боксшы Рио олимпиадасында жүлдеге лайық. «Бірақ бап шаба ма, бақ шабама?», – дейді қазақ. Кімдердің жұлдызы жарқырайды ол уақыт еншісінде.
Бір білетініміз, қазақ боксшылары үлкен жауапкершілікті сезіне біледі. Ел сенімін ақтау үшін аянбай тер төгуде. Спортшылардың алаңсыз дайындығы үшін барлық жағдай жасалған. Тіпті командамен арнайы психологтар, дәрігерлер және жеке бапкерлер жұмыс жасауда.
«Екі Олимпиада да бабымда болдым. Жақсы дайындалдым, тер төктім. Оңай кездесулер өткізбедім. Қиын қарсыластар болды оларды да жеңе білдім. Кішкене бақ жетіспеді деп ойлаймын. Енді онымен тоқтап қалмаймыз. Енді міне Алланың қалауымен үшінші олимпиадаға қатысайын деп отырмын», — дейді Біржан Жақыпов.