Алматыда екі рет жер сілкінісі сезілді. ҚР БҒМ «Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы» мемлекеттік мекемесінің шұғыл мәліметіне қарағанда, алғашқы дүмпу 26 шілде күні Астана уақытымен 23.29-да тіркелді.
Оның эпицентрі Алматыдан солтүстік-шығысқа қарай 109 шақырымда орналасқан. Тербелістің энергетикалық класы — 11,4. Магнитудасы — 5.4. Тереңдігі — 15 шақырым.
«СТӘЭ» ММ мәліметінше, Алматыда сілкініс МSК-64 шкаласы бойынша 2 балл болып сезілді.
Бұдан 3 минут өтпей жатып, 23.32-де Алматы тұрғындары екінші жерасты дүмпуін сезді. Сілкініс эпицентрі Алматыдан солтүстік-шығысқа қарай 111 шақырымнан анықталды. Дүмпудің энергетикалық класы — 12,1. Магнитудасы — 5.7. Тереңдігі — 30 шақырым.
Алматыда екінші жер сілкінісінің күші МSК-64 шкаласы бойынша 2-3 балл болды.
Құлаған, зақым келген ғимараттар туралы мәлімет тіркелген жоқ.