Тимур Балымбетов жан тебірентер үндеу жасады

«Жеті күн бұрын досымыздан, мақтанышымыздан, үмітімізден айырылдық. Басында осындай сезімде болдым. Бірақ бүгін сенімен сөйлескім келеді. Рұқсат па?

Мен сенің қаншада екеніңді білмеймін. 16-да, 19-да, 23-те, 30-да, мүмкін менен үлкен де шығарсың. Дегенмен сенімен ашық сөйлескім келеді.

Жақында бәрі өзгерді. Бізді бір оқиға ұзақ ұйқыдан оятты. Өкінішке қарай, оның құны тым жоғары болды — ол керемет жанның өлімі.

Сенің қалай қабылдағаныңды білмеймін. Бірақ маған ауа жетпей, әділдіктің жеңгенін және өзгерістің болғанын қалап жүрмін. Көбі ашу-ызасын білдіріп, біреулерді кінәлап, біреулерге өлім тілеп, көптеген нәрсені талап етіп жатыр. Дегенмен мен сенің бұған басқа қырынан қарағаныңды қалаймын. Нақтырақ айтсам, өзіңе көңіл бөлгеніңді. Жоқ, бұл жаттанды, жауыр болып кеткен сөз емес. Сондықтан назарыңды салшы маған. Саған мынаны айтқым келеді:

Саған басқаларға қарағанда көп жұмыс істеу керек.

Түсінесің бе?! Өзіміз кіршіксіз таза ішкі жан-дүниемізге сай болу үшін ештеңе істемесек, тырыспасақ, біз ешқашан «барлығы сатылады» және «адал жолмен ештеңеге жете алмайсың» деп айтуға құқымыз жоқ.

Егер сен жақсы білім алып, ҰБТ-ны 5-ке тапсырсаң, олар грантыңды алып, ақша төлеп қойған біреуге бере алмайды. Шындықты өз басыңмен дәлелдей аласың.

Комиссияның және студенттердің көзінше емтиханды жақсы тапсырсаң, ешкім сені «құлатып», бұл «жағдайды» шешу үшін «басқа амал» ұсына алмайды.

Жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыруға барғанда барлығы «өздігіңнен тапсыра алмайсың, терлемей оңай жолмен шеше сал» деп айтады. Мүмкін рас та шығар. Бірақ мен сенен өзің тапсыруыңды сұраймын. Жақсы автомектепке барып, дайындал. Бірінші талпынысыңнан түк шықпаса, демалып, қайта тапсыр. Менің бір досым үш рет тапсырып, ақыр соңында дегеніне жетті. Ешқандай парасыз!

Рульге отырған соң кейде жолда жүру ережесін бұзуың мүмкін. Ондай жағдай болғанда өтінемін, «осы жерде шеше салайық?» деген ұсынысқа берілмеші. Сен жолда жүру ережесін бұздың – айыппұл төле және де өзіңді ластама. Өйткені бұл «әдетті» қазір тоқтатсаң, оңайырақ болады.

Егер жұмыс орныңда бастығың пара алып, кассаға жеткізбей қалтасына салса, тіпті, ұжым болып солай жасаса да, оларға қосылмашы. Сені жұмыстан шығарып жіберуі мүмкін. Бұл — әрине, әділетсіздік. Басында өзіңді жеккөрінішті сезінесің. Ол — шындықтың қымбат бағасы. Бірақ ампутацияланған жан мен кеудеңде шіріп жатқан жүрек одан да жаман. Бұл — бейшара өмірдің белгісі. Ал сен толыққанды өмір сүру үшін дүниеге келдің. Айналаңдағыларды өзгертіп қана қоймай, әрі жағымды өзгерістердің бастаушысы болуға тиіссің.

Мен білемін. Бұл қиын. Сенікі секілді менің де сенімім мен еркіндігімді тоқтаусыз, қаныпезерлікпен тартып алып жатыр. Бірақ мен саған сенемін! Естисің бе? Мен сенің қорқақ, ұры, нәпсіқұмар айуан, жағымпаз еместігіңе сенемін. Сен жалғыз емессің. Достым, жағымды өзгерістің агентісің. Тек бір жан елімізді өзгерте алады. Ол – СЕН! СЕН ғана. Ешкім сенің осы «майдан алаңындағы» орныңды баса алмайды.

Иә, сені өлтіріп кетуі мүмкін.

Ондай болған. Арамыздағы ең жарқын жанды қараңғылықтың жиіркенішті өкілдері өлтіріп кетті. Өлтірдік деп ойлаған…

Достым, саған көп жұмыс істеу керек. Басқаларынан да көбірек. Айналадағы қараңғылықпен ғана емес, ішкі қараңғылықпен де күресу қажет. Ол бәрімізде бар.

Бізде жұмыс көп, қазір кіріс!»