Пикадилли мен Алматының «Арбаты»

Пикадилли — қаланың тарихи орталығындағы ең ежелгі көшелердің бірі. Арғы тарихы тереңде, ал XVII ғасырда бұл жерде кең баулы қатты жаға — пикадил сататын сауда орны болған.

Арада ғасырлар өткенде бұл Пикадилли, Риджент көшелері мен Шафтсбери даңғылының басын қосқан үлкен алаңға айналды. Алаңның ортасындағы субұрқақ 1892 жылы Виктория патшайым дәуірінің саясаткері, «лорд Шафтсбери» атанып кеткен әлеуметтік реформатор, филантроп Энтони Эшли Купердің қала өмірін жақсартудағы қайырымдылық ісін еске алу үшін салынды.

Бүгінгі Пикадилли алаңы — тарихи даму дәстүрін жалғаған ірі экономикалық орталық. Туризм мен жастық жалынның символы. Шығармашыл ортаның пікір алмасатын, еркін өнерді насихаттайтын және жай ғана қазіргі қас-қағымнан ләззат алатын жері.

Piccadilly-Circus
Пикадилли алаңы Фото: ukguide.co.il

Пикадилли алаңы Лондонға барған Алматы тұрғынының көзіне бірден жылыұшырай кетер еді.  Кәдімгі өзіміздің «Арбатқа» ұқсайды! Біздің «Арбат» та осындай — жастар бас қосатын орын. Бұл жерде де сауда-саттық пен қоғамдық тамақтану орындары көп.

Арбат Алматы
Алматыдағы «Арбат». Фото: vlast.kz

Леди Ди және Тұңғыш Президент саябақтары

Диана ханшайымның саябағы кез келген туристі қызықтырады. 2004 жылы 6 шілдеде ханшайымның құрметіне ерекше ескерткіш пен субұрқақ орнатылды. Уильям және Гарри ханзадалардың анасы Диана 1997 жылдың 31 тамызында Парижде көлік апатынан қайтыс болған еді.

Субұрқақты америкалық ландшафт дизайнері Кэтрин Густафсон ең үздік материалдар мен заманауи технологияларды пайдалана отырып жасаған. Ескерткішке Корнуолл гранитінің 545 данасы қолданылды. Леди Ди саябағының көлемі үлкен болғандықтан аралап шығуға біраз уақыт кетеді.

Диана ханшайым саябағы
Диана ханшайым саябағы Фото: Ayda.ru

Алматыдағы Тұңғыш Президент саябағы екеуінің ұқсастығы көп. Қазақстан басшысының атындағы саябақ 2001 жылы салынды. Бұл жерде де үлкен фонтан бар. Көлемі — 2820 куб.

Тұңғыш Президент саябағы
Тұңғыш Президент саябағы Фото: es.videoblocks.com

Ұлттық музейлер

Ұлыбритания ұлттық тарихи музейі — Оңтүстік Кенсингтонның көрме жолындағы үш ірі музейдің бірі. Мұнда ботаника, зоология, минералогия және палеонтология бөлімдері бар. Музейде ұзындығы 26 метр болатын Diplodocus динозаврының қаңқасы сақтаулы тұр. Зоология бөлімінен ұзындығы 30 метр кит қаңқасын да көре аласыз. Алуан түрлі метеорит қоры да осы музейде.

Ұлыбританияның Ұлттық тарихи мұражайы Фото: depositphotos

Осыдан соң Алматыда орналасқан Орталық мемлекеттік музей еске түседі. Орталық Азиядағы байырғы әрі ең ірі музейлердің бірі. Оның қорында Қазақстанның ежелгі дәуірінен бастап қазіргі күніне дейінгі тарихынан сыр шертетін 200 мыңнан астам жәдігер жинақталған. Палеонтология залында 570 миллион жыл бұрынғы кезеңнің бұйымдары бар. Археология қорындағы сирек кездесетін экспонаттар — ежелгі обалар мен көмбелер. Қола, күміс, алтын бұйымдардың жасалу мәнері ерте дәуірдегі бабаларымыздың эстетикалық талғамының биіктігін көрсетеді.

Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұражай

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!