Басты бетЖаңалықтарӘлеуметтік салада...

Әлеуметтік салада мемлекеттік қызмет көрсетуші мамандар білім жетілдірді

Еңбекпен қамту және әлеуметтік көмек беру саласында қарапайым азаматтар түсіне бермейтін мәселе шаш етектен. Осы себепті мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, халыққа жақындау — сала мамандарының міндеті. Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мемлекеттік қызметтерді бақылау бөлімінің мамандары осы мақсатта 2018 жылдың 11-23 шілдесі аралығында көшпелі дәрістер өткізді.

«Әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтердің проблемалық сұрақтары туралы» деп аталатын түсіндіру дәрістері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының аудандық бөлімдерінде ұйымдастырылды. Оқытуға мемлекеттік қызметтерді бақылау бөлімінің, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің бас мамандары, сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының қызметкерлері қатысты.

Оқытуды жүргізу барысында мемлекеттік корпорация арқылы баламалы негізде көрсетілетін әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді сапалы ету мәселелері талқыланды.

Еске сала кетейік, 2018 жылдың 5 наурызында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуінде мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді орындау саласын жетілдіре түсетінін айтқан еді.